Зағип және нашар көретін жандардың көрмесі ашылды
Қарағанды Зағип және нашар көретін азаматтардың мәдениет үйі мұрындық болуымен ҚР тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Халықаралық мүгедектер күніне орай «Өмір керемет болсын» атты көрме ашылды. Ол 19 желтоқсанға дейін Қарағанды бейнелеу өнері мұражайында жалғасады. Көрме облыстың Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өтуде.
«Интеграция» шығармашылық жобасының нәтижесі болып табылатын фотокартиналарға мұражайдағы көрменің орталық орны бөлінген. Ол көру қабілеті нашар мүгедектердің музыкалық, көркемдік, актерлік таланттарын дамыту мақсатында іске қосылды және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды бірлескен шығармашылық арқылы сау адамдар ортасына біріктіруге бағытталған.
Жобаның ұйымдастырушысы болып табылатын Зағип және нашар көретін азаматтардың мәдениет үйі көрмені халықаралық фото және кино конкурстардың лауреаты, фотограф және режиссер Константин Павленкомен бірге жүзеге асырды. Экспозиция ашылған күні жоба қатысушыларына алғысхаттар, фотографқа іс-шараның эмблемасы түріндегі естелік сыйлық табыс етілді.
– Көрмеде картиналар мен сәндік-қолданбалы өнерден бастап аксессуарлар мен әшекейлерге дейінгі түрлі бағыттағы 200-ден астам экспонат ұсынылды. Көрмеде көру қабілеті нашар фотографтардың әуесқой жұмыстары да ұсынылған. Біздің міндетіміз көрме ұйымдастыруға көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар Зағип және нашар көретін азаматтардың мәдениет үйін қолдау болды. Мұндай көрмелер бізде жыл сайын өтеді, бірақ олардағы жұмыстар ешқашан қайталанбайды. Демек, көрмеге қатысушылар өз шеберліктерін дамытып, мықты педагогтермен жұмыс істейді. Біз ерекше қажеттіліктері бар көрермендер де осы көрмемен таныса алатындығына көз жеткіздік. Мысалы, егер қонақтың көру қабілеті нашар болса, жұмыстарға үлкен шрифтпен қол қойылады, ал аксессуарлары мен өрілген экспонаттары бар витриналар оларды барлық жағынан егжей-тегжейлі қарастыруға болатындай етіп орналастырылған. Сонымен қатар осы көрме аясында балаларға Зағип және нашар көретін адамдардың мәдениет үйінің шығармашылығы туралы айтып беру үшін «Мұражай сабағы» жобасы аясында көптеген жоспарларымыз бар, – деді көрме кураторы, мұражайдың бас сақтаушысы Дәмелі Қадырқұлова.
Сонымен қатар мұражайда мәдениет үйінде өткен концерттер мен қойылымдардың фотосуреттері ұсынылған.
– Зағип және нашар көретін азаматтардың мәдениет үйімен бірнеше жыл бұрын өткен іс-шаралардың бірінде таныстым, бұл біздің достығымыздың бастауы болды. Жетекшісі Полина Угланова белгілі бір уақыттан кейін маған осы мекемедегі өлең шығаратын авторлардың портреттерін жасауды ұсынды. Біз бірнеше күн қарағандылық фотограф Александр Леоновтың «Апрель» студиясында жұмыс істедік. Алдын ала белгілі әлемдік суретшілер жұмыстарының сюжеттерін және фото кейіпкерлерін таңдадық. Нәтижесінде мұражайда ұсынылған фотосуреттердің ішінде «Інжу сырғасы бар қыздар», «Шабдалы қыздар» атты картиналар, «Аленушки», Пикассо, Вермеер, Караваджо, Грант Вудтың суреттері бар. Кейбір жұмыстарға біз ұлттық нақыш келтіруге тырыстық, – дейді көрме кураторы.
Ал мұражай директоры Бибігүл Құдабаева көрменің ашылуында сөз сөйледі. Оның айтуынша, авторлардың жұмыстары мен тұлғаларына, олардың жасампаздық ниетіне қарап күн және минут сайын өмірдің ғажап әрі сұлу екенін түсінуге болады.
Жұмыс күндері мұражай 10.00-ден 18.00-ге дейін, демалыс күндері 10.00-ден 17.00-ге дейін ашық. Кіру билетінің бағасы 80 теңгеден 200 теңгеге дейін. Бейнелеу өнері мұражайы «Ashyq» жүйесі бойынша жұмыс істейді.