Саяси жаңғырудың жаңа белесі
Астанада Қазақстанның жаңа саяси жүйесіндегі маңызды институт – бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы өз жұмысын бастады. Бір палаталы заң шығарушы органның қызметке кірісуін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи оқиға деп бағалап, бұл күн елдің саяси жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңіне жол ашқанын атап өтті.
Жаңа Конституцияға сәйкес Құрылтай – Қазақстанның заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді органы. Оның құрамына 145 депутат сайланды. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Алғашқы сессияның ашылуында сөз сөйлеген Президент Құрылтайдың атауы мен қызметінің тарихи мәніне тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ тарихында Құрылтай ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланатын орын болған. Енді осы дәстүр жаңа саяси-құқықтық жағдайда жалғасын таппақ.
– Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алады деген сөз. Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді, ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаңа саяси жүйенің негізгі міндеттерінің бірі – заңнаманы жаңа Конституцияда бекітілген қағидаттарға сәйкестендіру екенін айтты. Бұл ретте заң шығару жұмысының сапасы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды.
Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын атап, оларды елдің ортақ мақсаты – Әділетті әрі Күшті Қазақстанды қалыптастыру жолында табанды еңбек етуге шақырды. Сонымен қатар жаңа заңнаманы қалыптастыру барысында азаматтардың мүддесі мен қоғамның сұранысын ескеру қажеттігіне назар аударды.
Сессия барысында Құрылтайдың басшылық құрамы да қалыптасты. Президент Құрылтай төрағалығына Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды. Мемлекет басшысы оның мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибесін атап, жауапты қызметке лайық екенін жеткізді.
Жаңа Парламент құрамында түрлі сала өкілдері бар. Олардың қатарында тәжірибелі мемлекеттік қызметшілермен бірге өндіріс, ғылым, білім, әлеуметтік сала және қоғамдық жұмыстарда еңбек еткен азаматтар да бар. Бұл Құрылтайдың қоғамдағы әртүрлі топтардың пікірін заң шығару жұмысына жеткізуіне мүмкіндік береді.
Қарағанды облысы да жаңа заң шығарушы органда өз өкілдері арқылы таныстырылды. Өңірден Вадим Басин, Нұрлан Дулатбеков, Асхат Аймағамбетов, Арман Қалықов, Никита Шаталов, Александр Данилов және Ләззат Қожахметова депутаттық мандатқа ие болды.
Құрылтайдың алғашқы сессиясы ел өміріндегі маңызды мемлекеттік институттардың жаңаруы қатар жүріп жатқан кезеңде өтіп отыр. Конституцияға сәйкес, жаңа саяси жүйеде Құрылтайға заң қабылдаумен қатар, бірқатар мемлекеттік институттарды қалыптастыруға қатысу жөнінде кең өкілеттіктер берілген.
Мемлекет басшысы бұл өзгерістердің түпкі мақсаты елдің тұрақты дамуына қажетті құқықтық және саяси негіз қалыптастыру екенін атап өтті. Ендігі міндет – жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған сапалы заңдар қабылдау.
Құрылтайдың алғашқы сессиясының басталуы осылайша Қазақстанның саяси тарихындағы жаңа кезеңнің ресми басталуын айғақтады. Ал оның жұмысының нәтижесі алдағы уақытта қабылданатын заңдардан, мемлекеттік басқару сапасынан және қоғам мен билік арасындағы өзара байланыстың жаңа деңгейінен көрінбек.
Фото: akorda.kz
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

