Жарнамадағы тіл тазалығы

Қарағанды облысында жарнама мәтіндеріндегі қазақ тілінің тазалығын сақтауға бағытталған «Жарнама – тіл тазалығының айнасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Дәстүрлі шараға өңірдің барлық аудандары мен қалаларынан 13 қатысушы қатысты. Байқау барысында қатысушылар жарнама мәтіндеріндегі тілдік қателерді анықтап, қазақ тілін сауатты әрі дұрыс қолдану бойынша білімдерін ортаға салды. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен аудандық және қалалық деңгейде өткен сайыстардың үздіктері облыстық кезеңге жолдама алды. Ал облыстық кезеңде жеңімпаз атанғандар республикалық байқауға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Солардың бірі – Приозерск қаласының тұрғыны Жанат Абулова. Ол облыстық кезеңде бірінші орын иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды.

– Бүгінгі байқауда бірінші орын алғаныма өте қуаныштымын. Приозерск қаласында бұл жұмыс басталғаннан бері төрт ай ішінде кәсіпкерлік нысандарға мониторинг жүргізілді. Осы уақыт аралығында 62 нысан тексеріліп, 29 заңбұзушылық анықталды. Оның 25-і бойынша кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілді, ал 4 нысан тізімнен шығарылды. Жалпы, мониторинг жұмыстары күн сайын тұрақты түрде жүргізіліп келеді, – деді байқауға қатысушы Жанат Абулова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың негізгі мақсаты – жарнамадағы тілдік қателердің санын азайтып, қазақ тілінің тазалығын сақтау. Сонымен қатар кәсіпкерлер мен қоғам мүшелерінің мемлекеттік тілді сауатты қолдануына ықпал ету көзделген. Байқау қорытындысы бойынша үш жүлделі орын анықталып, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.

– Бұл байқау біздің өңірде жыл сайын өткізіледі. Алдымен аудандық және қалалық деңгейде кәсіпкерлер, белсенді азаматтар мен волонтерлер арасында ұйымдастырылады. Сол кезеңдерде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар іріктеліп, облыстық байқауға қатысады. Биыл да қазылар алқасы қатысушылардың жұмыстарын әділ бағалап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады, – дейді Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Айнұр Бөгенбаева.

Байқау тек жүлдегерлерді анықтаумен шектелген жоқ. Тағы сегіз қатысушыға белсенділігі үшін арнайы ынталандыру сыйлықтары берілді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, жарнамадағы әрбір сөздің сауатты жазылуы – мемлекеттік тілдің қоғамдық кеңістіктегі қолданысын арттырудың маңызды тетігі. Сондықтан байқауға қатысушылардың күнделікті жүргізіп жүрген мониторингі мен түсіндіру жұмыстары қазақ тілінің тазалығын сақтауға өз үлесін қосып отыр. Байқау мәресіне жеткенімен, жарнамадағы тіл тазалығын бақылау жұмыстары жалғаса береді. Қатысушылардың еңбегі мен мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға қосқан үлесі ұйымдастырушылар тарапынан жоғары бағаланды.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»