Бұқпаға жаңа тыныс
Қарағандыдағы Үлкен Бұқпа өзенін санитарлық тазарту жұмыстары аяқталып, Орталық саябақтағы су тазарту қондырғысы іске қосылды. Құны 2 млрд теңгеге жуық жобаның негізгі мақсаты – өзен арнасын қалпына келтіріп, саябақтағы көлге түсетін судың сапасын жақсарту. Ендігі мәселе – жасалған жұмыстың нәтижесін сақтап қалу.
2024 жылдың сәуірінде басталған жобаға дейін Үлкен Бұқпаның кей учаскелері ондаған жыл бойы тазартылмаған. Соңғы рет мұнда ауқымды жұмыстар 1986 жылы жүргізілген. Осы уақыт ішінде өзен арнасы лай мен қоқысқа толып, жағалауын шөп басқан. Бұған қоса, кейбір тұрғындар кәріз құбырларын өзенге заңсыз қосып, тұрмыстық қалдықтарды су арнасына жіберген.
Ұзындығы 17 шақырым болатын өзеннің үш шақырымы жабық коллектор арқылы өтеді, қалған бөлігі ашық арнада орналасқан. Жоба аясында өзен арнасын тазалап қана қоймай, гидротехникалық инфрақұрылымды қалпына келтіруге басымдық берілді.
– Арнаны тазалаумен қатар, гидротехникалық инфрақұрылымды қайта қалпына келтірдік. Ең маңыздысы – су тазарту құрылғысы арқылы техникалық талаптарға сай тазартылған суды өзенге жіберу, – дейді «Гидро құрылыс» ЖШС басшысының орынбасары Ердан Тұрғынбекұлы.
Жобаның маңызды бөлігі – Орталық саябақта орнатылған су тазарту қондырғысы. Отандық өндірістен шыққан құрылғы тәулігіне 12 мың текше метр су өткізуге қауқарлы. Автоматтандырылған станциядағы бес түрлі сүзгі май, құм, химиялық заттар және басқа да қоспаларды ұстап қалады.
Мамандардың айтуынша, қондырғыдан өткен су ауызсу емес, тек техникалық мақсатқа пайдаланылатын су. Оның негізгі міндеті – саябақтағы көлге түсетін судың құрамындағы зиянды қоспаларды азайту.
– Орта есеппен қондырғы айына 168 мың текше метрге дейін су өткізе алады. Бұл жерде сүзгіден өтетін су Костенко және №38 шахталарынан шығатын ағынды сулармен байланысты. Сондықтан оны міндетті түрде тазарту қажет, – дейді маман.
Жоба барысында өзен арнасынан заңсыз тартылған кәріз құбырлары да анықталған. Әсіресе «Шахтер» стадионы маңындағы учаскеде мұндай мәселелерге назар аударылды. Мердігерлер заңсыз қосылуларды жою үшін арнаның бір бөлігін бетондап, бөгде құбыр жүргізуге мүмкіндік қалдырмаған.
Бұл – өзеннің қайта ластанбауы үшін жасалған шаралардың бірі. Өйткені тазарту жұмыстары қанша сапалы жүргізілгенімен, оған қайтадан тұрмыстық немесе өндірістік қалдық түссе, нәтижесі ұзаққа бармайды.
Үлкен Бұқпа суының Орталық саябақтағы көлге құятынын ескерсек, өзеннің тазалығы қала тұрғындары үшін ғана емес, саябақ экожүйесі үшін де маңызды.
Қазір көлдің жағдайына да көңіл бөлініп отыр. Тұрғындар су айдынының тазарып, мұнда тіршіліктің қайта жандана бастағанын айтып отыр.
– Көлдің тазаруы Қарағанды үшін өте маңызды. Оған балық жіберілді. Енді оның сүзілген сумен тұрақты толығып тұратыны қуантады. Бұл – саябақ үшін де, қала үшін де үлкен жаңалық, – дейді қала тұрғыны.
Тағы бір тұрғын бұл көлдің Қарағанды үшін тарихи маңызы бар екенін атап өтті.
– Бұл көлді бала кезімнен білемін. Қарағандылықтар үшін ол қаланың өзіндік символдарының бірі. Сондықтан оны сақтап қалу өте маңызды. Мұндай жобаның жүзеге асуы – қала үшін елеулі оқиға, – дейді ол.
Жаңа қондырғының іске қосылуы жұмыстың соңы емес. Нысанды тиісті мекеме ресми түрде қабылдап алғаннан кейін оның үздіксіз жұмыс істеуі мен техникалық жағдайын бақылау қажет.
Мамандар үшін ең маңызды мәселенің бірі – сүзгілерді уақытында тазалап, белгіленген мерзімде ауыстыру. Себебі тазарту жүйесі тұрақты күтімді қажет етеді.
Сонымен бірге өзенге заңсыз кәріз қосатын немесе қалдық төгетіндерге бақылауды күшейту де маңызды. Бір реттік тазалық жұмысы өзенді ұзақ мерзімге сақтап қалуға жеткіліксіз. Ол үшін коммуналдық инфрақұрылымды бақылау, заңсыз қосылуларды болдырмау және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру қатар жүруі керек.
Бұқпа өзенінің жаңаруы – Қарағанды үшін тек инфрақұрылымдық жоба емес, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Ендігі міндет – миллиардтаған теңгеге жасалған жұмыстың нәтижесін жылдар бойы сақтап, өзенді қайтадан ластанған арнаға айналдырмау.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

