Қыркүйектің ортасында Халық кеңесі жасақталады – Президент
Қазақстанда жаңа жоғары консультативтік орган – Халық Кеңесі құрылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Құрылтайдың бірінші сессиясында мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, Халық Кеңесі қыркүйектің екінші жартысында жасақталады. Жаңа құрылым Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган болмақ.
«Бұл – Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган. Еліміздің этникалық, аймақтық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа құрылым заңнамалық бастама көтеру құқығына ие болады. Шын мәнінде, бұл – бірегей орган», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жаңа институттың елдегі қоғамдық-саяси үдерістерді дамытуға және түрлі әлеуметтік топтардың мүддесін бір арнаға тоғыстыруға ықпал ететінін атап өтті.
Президенттің пікірінше, қысқа уақыт ішінде биліктің негізгі институттарының жаңғыруы алдағы реформаларды жүзеге асыруға жаңа серпін береді.
«Осылайша, қысқа уақыттың ішінде биліктің барлық негізгі институттары жаңғырып, алдағы реформаларға тың серпін береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz
