Мереке қарсаңында мемлекеттік марапаттар табысталды

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қарағанды облысынан 60 адам мемлекеттік наградалармен марапатталды. Еңбегімен еленгендерді Мемлекет басшысы атынан Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек марапаттады.

Өндірісті өлкенің өркендеуі, еліміздің әлеуметтік әл-ауқатының артуы, экономикасының еңсе тіктеуі жолында аянбай тер төккендер марапатталды. Түрлі дәрежедегі ордендермен, медальдармен, Құрмет грамоталарымен және алғысхаттармен марапатталғандардың бәрі – өз саласының біліктілері. Құрметке лайықтылар ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еңбек ардагерлері, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, өндіріс саласындағы көрнекті қайраткерлер, мемлекеттік органдар мен ауылшаруашылығы өкілдеріне сый-құрмет көрсетілді.

Аймақ басшысы облыстың 30 жылдық көрсеткішін қысқаша сараптап, қай салада болмасын қарқын барын атап өтті. Құрылыс саласында көз қуантар нәтиже бары, жұмыссыздықтың азайғаны, күнкөріс сапасының артуы 30 жылда жеткен мол табыстың бір бөлігі ғана делінді. Қазақстанның халықаралық дәрежеде беделінің артуына өз еңбегімен үлес қосқан әр азаматтың қатысы бар екенін атап өтті.

– Отандастарымыздың бірлігі мен татулығының арқасында қиын кезеңдерді бірге еңсердік. Қазақстан әлем таныған қуатты елге айналды. Бұл – біздің ортақ жемісіміз. Әр жеткен белесте біздің жерлестеріміздің ғылым мен білім, спорт, мәдениет, медицина, өндіріс пен кәсіпкерліктегі орасан еңбегі мен жетістіктері тұр. Сіздердің барлығыңыз мемлекетіміздің қалыптасуына, егемендіктің нығаюына және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қостыңыздар. Бұл үлес лайықты бағаланды, – деді Жеңіс Қасымбек.

«Құрмет» орденімен жеті қарағандылық марапатталды. Облыстың бес тұрғынына жемісті еңбегі мен өндірістік көрсеткіштерін жақсартқаны үшін III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені табыс етілді. Ерлігі мен қайсарлығы үшін Чернобыль АЭС-ндағы апаттың зардаптарын жоюшы М.Социалов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

20 адам «Ерен еңбегі үшін» орденімен марапатталды. Бұл топтағы лайықтылардың қатарында Теміртау қаласының №24 жалпы білім беретін мектебінің педагогі Ольга Дворецкая да бар. Ол осындай ұлы мереке қарсаңында ұстаздық еңбегінің арқасында ұлықталуын зор құрмет деп біледі.

– Мен алған марапатымды мақтан тұтамын, – деді ол. – Менің педагогикалық қызметімді жоғары бағалағаны, өзімді дәлелдеуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын. Мереке қарсаңында баршаңызға кәсіби өсу, жаңа биіктерге жету, бейбітшілік пен амандық тілеймін.

Белсенді және жемісті қызметі үшін 11 қарағандылық «Шапағат» медалімен марапатталды. Солардың ішінде жас та болса, аға буынмен қатар тұрып шапағаттың шарапатын сезінгендердің бірі – Жезқазған қаласы «Өркен» мамандандырылған мектепинтернатының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ораз Абай Аманкелдіұлы.

– Президенттің Жарлығымен «Шапағат» медалін алып жатырмын. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілік. Мұны жай медаль емес, жауапкершілікті арттырған құрмет деп білемін. Лайықты көріп жатқан ұжымға, облыстық билікке алғысым шексіз.

Белсенді өмірлік ұстанымы мен ерен еңбегі үшін 13 адам Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Екі қарағандылық Қазақстан Президентінің алғыс хаттарына ие болды.

Сондай-ақ салтанатты марапаттау рәсімі барысында Қарағанды облысының құрметті азаматтарының қатары толықты. Бұл құрметке Жезқазған қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов және медицина ғылымдарының докторы, профессор Сергей Лохвицкий, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов ие болды.

– 30 жыл ішіндегі жетістіктер, осының барлығы Қазақстан халқының бірлігі, оның жасампаздық және жанқиярлық еңбегінің арқасында. Сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасының еңбегі, оның салмақты ішкі және сыртқы саясаты. Қазақстан болашақта міндетті түрде рухани бай, адамгершілік жағынан таза және экономикалық дамыған мемлекет болады, – деп атап өтті Ерқара Аймағамбетов.

Салтанатты жиында мемлекеттік межедеге марапат алғандардың әрқайсысы бұл құрмет қажырлы еңбектің, мамандыққа деген сүйіспеншіліктің, жоғары жауапкершіліктің өтемі деп біледі.

Шамшырақ ХАЛЫҚҚЫЗЫ