Қала тазалығына – заманауи техника
Қарағандыда қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару және тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қала аумағының кеңеюі, жаңа тұрғын үй кешендерінің бой көтеруі және халық санының өсуі коммуналдық қызметтерге түсетін жүктемені арттырып отыр. Осыған байланысты арнайы техникалар паркін жаңарту – тазалық жұмыстарын тиімді ұйымдастырудың маңызды бағыттарының біріне айналды.
«ГорКомТранс» кәсіпорнының өндірістік базасында отандық өндірістен шыққан жеті жаңа DONG FENG қоқыс таситын көліктің кілті сала мамандарына табысталды. Заманауи техникалар алдағы уақытта қаланың бірнеше ауданындағы тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау жұмыстарына жұмылдырылады.
«ГорКомТранс» ЖШС бас директоры Марат Бимағанбетовтің айтуынша, жаңа көліктердің бесеуі Қазыбек би ауданына, оның ішінде Михайловка мен Оңтүстік-Шығыс секторларына бағытталады. Қалған екі арнайы техника Әлихан Бөкейхан ауданындағы Майқұдық аумағына бекітіледі. Осылайша жаңа техника тұрғындар саны артып келе жатқан шағын аудандардағы қоқыс шығару қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа автокөліктердің жалпы құны 400,5 млн теңгені құрайды. Жоба «Өнеркәсіпті дамыту қоры» мен «Банк ЦентрКредиттің» қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Сыйымдылығы 16 және 20 текше метр болатын арнайы машиналар еуропалық стандарттағы контейнерлермен жұмыс істеуге бейімделген. Бұл олардың қоқысты жинау және тасымалдау жұмыстарын тиімді әрі жедел орындауына мүмкіндік береді.
Жаңа техника қаланың Михайловка, Оңтүстік-Шығыс және Майқұдық аумақтарында қызмет көрсетеді. Оның ішінде «Томирис», «Сармат», «Алаш» секілді жаңа тұрғын үй кешендері де бар. Бұл аумақтарда тұрғындар санының артуына байланысты коммуналдық қызметтерге түсетін жүктеме де көбейіп келеді. Сондықтан арнайы техникалардың жаңаруы қоқыс шығару кестесін тұрақты сақтауға және қызмет көрсету сапасын арттыруға оң әсер етеді.
Жаңа көліктердің келуі «ГорКомТранс» автопаркінің жаңғырту жұмыстарының жалғасы болып отыр. Бұған дейін Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс секторларына оннан астам арнайы техника алынған. Автопарктің кезең-кезеңімен жаңартылуы қолданыстағы көліктерге түсетін салмақты азайтып, техникалық ақауларға байланысты туындайтын кідірістердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Арнайы техникалардың жаңаруы коммуналдық қызметкерлердің еңбек жағдайына да оң әсер етеді. Заманауи көліктер жүргізушілер мен қызмет көрсету мамандарының жұмысын жеңілдетіп, күнделікті міндеттерді қауіпсіз әрі тиімді орындауға мүмкіндік береді. Жаңа техниканың табысталу рәсімі барысында салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп жүрген он қызметкердің еңбегі де еленіп, оларға арнайы мадақтамалар табысталды.
«Жаңа көліктер заманауи талаптарға сай жабдықталған және жүргізушілерге де, қызмет көрсету мамандарына да жұмыс істеуге ыңғайлы. Ең бастысы – қоқысты уақытылы жинап, белгіленген аумақтарға дер кезінде қызмет көрсету мүмкіндігі артады. Жаңа көліктер қаланың бірнеше секторына бөлінеді. Бесеуі Қазыбек би ауданының аумағында, соның ішінде Михайловка мен Оңтүстік-Шығысқа, ал екі техника Майқұдыққа қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта да автопаркті жаңарту жұмыстарын жалғастырамыз», – деді Қарағанды қаласының «ГорКомТранс» ЖШС бас директоры Марат Бимағанбетов.
Қала тазалығы – коммуналдық қызметтердің ғана емес, тұрғындардың да ортақ жауапкершілігі. Арнайы техникалар паркінің жаңаруы қоқысты уақытылы жинап, шығаруға мүмкіндік берсе, тұрғындардың тазалық талаптарын сақтауы осы жұмыстың нәтижелі болуына ықпал етеді. Бірлескен жауапкершілік пен заманауи техникалық база Қарағандының санитарлық жағдайын жақсартуға және қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

