Тазалық – ортақ жауапкершілік

Қарағанды облысында қоршаған ортаны қорғау және елді мекендердің тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Заңсыз қоқыс орындарын анықтап, тазарту ғана емес, олардың қайта пайда болуына жол бермеу де экологиялық бақылаудың маңызды міндетіне айналып отыр. Осы бағытта мемлекеттік органдар тарапынан жүйелі мониторинг жүргізіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шаралар қабылдануда.

Өткен жылы Қарағанды облысының аумағында 590-ға жуық рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде оның 580-і жойылып, аумақтар тазартылды. Бұл өңірдегі заңсыз қалдық орындарының басым бөлігін қысқа мерзімде тазартуға мүмкіндік берді.

Экологиялық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары биыл да жалғасып келеді. 2026 жылғы мониторинг барысында облыс аумағында 500-ге жуық заңсыз қалдық орны тіркелген. Бүгінде олардың 430-дан астамы жойылып, анықталған нысандардың 85 пайыздан астамы тазартылды. Мамандардың мәліметінше, әлі де жойылмаған қоқыс орындарының басым бөлігі Балқаш қаласы, Әлихан Бөкейхан және Абай аудандарының аумағында орналасқан. Аталған аумақтар бақылауға алынып, заңсыз қалдықтарды жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге полиция қызметкерлері де атсалысуда. Жыл басынан бері 304 мыңнан астам азамат түрлі жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар заңсыз қоқыс тасымалдаған 90-ға жуық жүргізуші анықталып, олардың көліктері арнайы айып тұрағына қойылған.

Құқық қорғау органдары заңсыз қоқыс төгу фактілерінің әрқайсысы бойынша Экология департаментіне арнайы ақпарат жолдайды. Мұндай өзара іс-қимыл құқық бұзушылықты анықтап қана қоймай, оның салдарын жою және мәселенің нақты шешілуін бақылауға мүмкіндік береді. Экологиялық талаптарды орындамаған жауапты тұлғаларға да тиісті шаралар қабылдануда. Міндетін тиісінше атқармаған лауазымды тұлғалар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табады. Осы мақсатта 2026-2030 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Құжат аясында заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жоюмен қатар, олардың қайта пайда болуына жол бермеу бойынша бақылау тетіктерін күшейту көзделген.

«Бүгінде негізгі назар тек анықталған қоқыс орындарын тазартуға емес, олардың қайта қалыптасуына жол бермеуге бағытталған. Осы мақсатта мониторинг пен бақылау күшейтіліп, полиция және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Бұл мәселеде тұрғындардың жауапкершілігі өте маңызды. Қоқысты белгіленбеген жерге төкпеу, қалдықтарды арнайы орындарға шығару және заңсыз әрекеттерді байқаса, тиісті органдарға хабарлау қажет. Экологиялық тазалық – баршамызға ортақ міндет», – деді Экология департаментінің бөлім басшысы Ерназ Марленұлы.

Қала мен елді мекендердің тазалығы тек арнайы қызметтердің жұмысына ғана байланысты емес. Әр тұрғынның қоршаған ортаға деген жауапкершілігі де маңызды рөл атқарады. Қоқысты белгіленбеген жерге тастамау, қалдықтарды арнайы орындарға шығару және экологиялық талаптарды сақтау – табиғатты қорғауға қосылатын қарапайым, бірақ маңызды үлес. Тазалыққа ортақ жауапкершілік қалыптасқан жағдайда ғана өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік молаяды.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»