Кәсіпкерлікке серпін берген қолдау
Қарағанды қаласында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары жыл сайын кеңейіп келеді. Бүгінде кәсіпкерлік тек табыс көзі ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыруға және қала экономикасының тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды салаға айналды.
Қалада кәсіпкерлік нысандарының көбеюі тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасының артуына, жаңа өндірістердің іске қосылуына және жұмыспен қамту деңгейінің өсуіне оң әсер етіп отыр. Биыл мемлекеттік қолдау тетіктері аясында өңірде 416 жобаны жүзеге асыруға 58 млрд теңге бағытталуы – кәсіпкерлік бастамаларға беріліп отырған мүмкіндіктің ауқымын көрсетеді.
Қарағандыда кәсіпкерлер үшін бизнесті бастауға және дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше қаржыландыру тетігі қарастырылған. Соның бірі – ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы. Бағдарлама аясында кәсіпкерлер 200 млн теңгеге дейін несие ала алады. Ал «Өрлеу» бағдарламасы жаңа өндірістерді іске қосып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға бағытталған.
Кәсіпкерлер үшін өзекті мәселелердің бірі – несие алу кезінде қажетті кепіл мүлкінің жеткіліксіз болуы. Осы ретте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдік беру тетігі маңызды рөл атқарады. Бұл мүмкіндік өз кәсібін кеңейткісі келетін, алайда банк талаптарына сәйкес кепіл мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлерге қаржыландыруға жол ашады.
Мемлекеттік қолдау тек қаржылай көмекпен шектелмейді. Кәсіпкерлерге бизнес жүргізудің тиімді жолдарын меңгеру, құжаттарды рәсімдеу, бизнес-жоспар әзірлеу, қаржылық жоспарлау, маркетинг және персоналды басқару бағыттары бойынша консультациялық және білім беру қызметтері көрсетіледі. Кәсіпкерлік бастаманы қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – «Бірыңғай фронт-офис» жұмысы. Мұнда кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар туралы қажетті ақпарат алып қана қоймай, өз жобаларын іске асыруға байланысты нақты кеңес ала алады.
Жыл басынан бері «Бірыңғай фронт-офис» қызметіне 700-ден астам кәсіпкер жүгінген. Олардың әрбір екіншісіне құжаттар мен бизнес-жоспарларды әзірлеу бойынша практикалық көмек көрсетілген. Сонымен қатар кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Қаржылық жоспарлау, маркетинг және персоналды басқару бағыттары бойынша шамамен 1 490 кәсіпкер білім алған. Бұл – қаладағы бизнестің сапалы әрі жүйелі дамуына ықпал ететін маңызды көрсеткіш.
«Қазіргі таңда кәсіпкерлерге қаржылай қолдаумен қатар, кепілдік беру, консультациялық және оқыту қызметтері қатар ұсынылады. Бұл бизнесті бастауға ғана емес, оны әрі қарай кеңейтуге мүмкіндік береді. Әсіресе кепілдік мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлер үшін «Даму» қорының кепілдік беру тетігінің маңызы зор. Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланып, өз жобаларын тұрақты бизнеске айналдыруға жағдай жасау», – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қарағанды облысы бойынша өңірлік филиалының директоры Мұхамед Абдулин.
Кәсіпкерліктің дамуы – жаңа дүкендер мен өндіріс орындарының ашылуы ғана емес. Бұл – жаңа жұмыс орындары, отбасылардың тұрақты табысы және қаланың экономикалық әлеуетінің артуы. Сондықтан бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдау Қарағандының әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды тетіктерінің бірі болып отыр. Кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдай жаңа бастамалардың жүзеге асуына, бизнестің нығаюына және қала экономикасының одан әрі дамуына мүмкіндік береді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

