Бағаға бақылау – тұтынушыға қорған

Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бақылау күшейтілді. Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары апта сайын базарлар мен ірі-ұсақ сауда орындарын аралап, тауарлардың белгіленген шекті үстеме бағадан аспауын тексеріп келеді. Мониторинг барысында бірқатар кәсіпкердің әлеуметтік маңызы бар өнімдерді белгіленген шектен әлдеқайда жоғары бағамен сатқаны анықталған.

Тексерулердің бірінде көтерме жеткізуші әлеуметтік маңызы бар күрішті сатып алу құнынан 2,5 есе қымбатқа сатқан. Қолданыстағы талап бойынша үстеме баға 15 пайыздан аспауы тиіс болса, бұл жағдайда оның мөлшері 160 пайызға жеткен. Яғни 205 теңгеге сатып алынған күріш тұтынушыға 556 теңгеден ұсынылған.

Баға тәртібін тексеру барысында басқа да өнімдер бойынша заң бұзушылықтар тіркелген. Мәселен, құны 3 353 теңге болатын ірімшікке 64 пайыз үстеме қосылып, 5 517 теңгеге сатылған. Ал 472 теңгеге алынған шайдың бағасы 1 079 теңгеге дейін көтерілген. Мұнда үстеме баға 130 пайызды құраған.

Жалпы, департамент мамандары 170 кәсіпкердің сауда нүктесін тексеріп, олардың 155-інен заң бұзушылық анықтаған. Бұл ретте тек 15 кәсіпкердің белгіленген талаптарды сақтағаны белгілі болды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлерге әкімшілік шаралар қолданылып, жалпы сомасы 4,5 млн теңге айыппұл салынған.

«Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты тұрақты мониторинг жүргізіп келеміз. Тексеру барысында бірқатар сауда нүктесінде белгіленген шекті сауда үстемесінің сақталмағаны анықталды. Заң талаптарын бұзған кәсіпкерлерге тиісті шаралар қабылданып, әкімшілік айыппұлдар салынды. Біздің басты міндетіміз – тұтынушылардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу», – деді Қарағанды облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Абзал Рахымбаев.

Департамент өкілдері рейдтік шараларды апта сайын жүргізеді. Мамандардың айтуынша, кейбір сауда орнында тауар бағасы 30-40 пайызға дейін еш негізсіз көтеріліп жатады. Мұндай жағдай, ең алдымен, күнделікті тұтынатын азық-түлікке жұмсалатын шығынды арттырып, тұрғындардың қалтасына салмақ түсіреді.

Алайда кәсіпкерлер тарапынан да өз уәждері бар. Дүкен иелері тауар бағасын белгілеу кезінде салық, коммуналдық төлем, жалға алу ақысы және қызметкерлердің еңбекақысы секілді шығындардың бар екенін алға тартады. Олардың айтуынша, белгіленген 15 пайыздық үстеме шағын сауда орындарының барлық шығынын өтеуге әрдайым жеткілікті емес.

«Зейнетте болсам да, сатушы жалдамай, өзім жұмыс істеп тұрмын. Салық қымбат, айлық төлеуге шамам жоқ. Негізі, біз бағаны аспандатып жатқан жоқпыз. Сүт өнімдеріне және әлеуметтік тауарларға, қант пен жармаға, күрішке 10 пайыз ғана қосамыз. Өзім де зейнеткер болған соң, елдің жағдайын түсінемін», – дейді дүкен иесі Салиха Карипова.

Кәсіпкерлердің айтуынша, шағын дүкендерге түсетін қаржылық салмақ соңғы уақытта артып келеді. Коммуналдық төлемдер, салықтар және басқа да міндетті шығындар сауда нүктелерінің жұмысына әсер етуде.

«Қазір кәсіпкерлерге өте ауыр. Көбі дүкенін жауып жатыр, салық қысып барады. Зейнетақы, медициналық сақтандыру жарнасын төлейміз. Коммуналдық төлемдер де күн сайын өсіп жатыр. Қарапайым тұрғындарға қарағанда, біз жарық пен суға екі есе артық төлейміз. Осының бәрі жұмысымызды қиындатып отыр», – дейді дүкен иесі Светлана Тиукова.

Департамент мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда азық-түлік бағасының жалпы өсім қарқыны біршама тұрақталған. Егер былтыр азық-түлік бағасы шамамен 10 пайызға өскен болса, биылғы өсім 1,3 пайыз деңгейінде қалып отыр. Дегенмен күнделікті сауда жасайтын тұрғындар баға өзгерісін әлі де анық сезінетінін айтады.

Тұрғындардың пікірінше, азық-түлік бағасының қымбаттауы әсіресе зейнеткерлерге, студенттерге және табысы төмен отбасыларға қиындық туғызады. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыруға бағытталған шаралардың маңызы жоғары.

Бағаны тұрақтандыру үшін өңірлік комиссия негізсіз қымбаттаған тауарлардың құнын қайта төмендету бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Бұдан бөлек, мамандар тауар құнына қосымша үстеме қосатын делдалдардың санын азайтуға басымдық беруде. Осы мақсатта сауда нүктелеріне өнімдерді мүмкіндігінше тікелей өндірушілерден алу ұсынылып, тауардың өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолын қысқартуға көңіл бөлінуде.

Әлеуметтік маңызы бар 31 түрлі азық-түлік тауарының бағасын бақылау – тұрғындардың әлеуметтік жағдайын тұрақтандыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін мемлекеттік бақылаумен қатар, кәсіпкерлердің жауапкершілігі мен тұтынушылардың құқықтарын білуі де маңызды. Саудадағы ашықтық пен әділ баға қалыптасқан жағдайда ғана өндіруші, кәсіпкер және тұтынушы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік бар.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»