Қасым үйі ашылды
Қарағандыда ұлы ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойына орай мұражай үйі ашылды. Қасым үйінде публицист пен ақынның сирек кездесетін қолжазбалары, кітаптары, жеке заттары мен фотосуреттері қойылған. Сондай-ақ облыстық жазушылар, журналистер одағының филиалдары, «Қасым» журналының редакциясы, өңірлік коммуникациялар қызметі де осы ғимаратта орналасқан.
Ашылу салтанатына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысып, ақынның мұрасы ұрпақтанұрпаққа берілуі керек екенін атап өтті.
– Қасым Аманжолов – қазақ әдебиетінің інжу-маржаны. Дауылпаз ақынның 110 жылдық мерейтойы қарсаңында жыл басынан бері бес жүзге жуық түрлі іс-шаралар өтті. Қаладағы ақынның ескерткіші орналасқан көшеге Қасым Аманжоловтың есімі берілді, «Қасым» журналында еліміздің белгілі әдебиет қызметкерлерінің туындылары жарыққа шығып отырады, жыл сайын Аманжолов оқулары, ғылымипрактикалық конференциялар, айтысмүшәйралар, поэзия кештері өткізіледі, – деді Жеңіс Қасымбек. – Қарағандылық өнерпаздар елордада ақынның құрметіне үлкен концерт өткізді, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының сахнасында «Рақымжанның Қасымы» қойылымының премьерасы өтті. Бүгін ашылып отырған Қасым үйінің қарағандылықтар үшін маңызы зор екені сөзсіз.
Ақын Серік Ақсұңқарұлы Қасым үйі нағыз зерттеу орталығы, шығармашыл және ойшыл жастарды тартатын орын болатындығын айтты.
– Қарағандыда Қасым үйінің ашылуы – ұлттық рухты, сананы жаңғыртуды айғақтайтын тарихи оқиға, – дейді ақын. – Бұл үй жастардың Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, оны жаңа қырынан танитын нағыз зерттеу орталығы болады деп үміттенемін.
Сондай-ақ салтанатты шарада Қасымның мұрасы туралы баяндайтын екі томдық кітап пен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жанындағы «Қасым тағылымы» орталығы таныстырылды.
– Орталық ұзақ уақыт бойы ұлы ақынның шығармашылығы мен өмірін зерттеп келеді. Ғалымдар Алматы, Орал және Семей қалаларындағы экспедицияларда болды. «Екпінді құрылыс» газетінде жарияланған өлеңдері мен публицистикалық мақалалары Орал мұрағаттарынан табылды. Алматыда Аманжоловтың қызы Дариға бізге сирек қолжазбалар мен жеке заттарын сыйға тартты. Тіпті ұзақ жылдар бойы жасаған картотеканы берді. Онда ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы барлық мәліметтер қамтылған, – дейді Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетінің деканы Елдос Түйте. – Биыл ақынның өмірі мен шығармашылық библиографиясының төрт бөлімнен тұратын «Қасым тағылымы» жинағын шығардық.
Кездесу соңында қатысушылар Қасым шығармашылығын одан әрі зерттеу бойынша бірлескен жұмыс идеяларымен бөлісіп, әрқайсысы өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
QH.