АКАДЕМИК: БҮГІНГІ КҮН – ТАРИХИ СӘТ

Қарағандыдағы сайлау учаскелерінде ерте таңнан қарбалас басталды. Таң бозынан халық көптеп келіп, кезекке тұрды. Қазір қаладағы №88 орта мектеп базасында орналасқан №5 және №6 сайлау учаскелерінде сайлау барысы ойдағыдай өтіп жатыр.

Сайлаушылар қатарында елге белгілі азаматтар да бар. Солардың бірі – көрнекті ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Молдахметов. Отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан академик №5 сайлау учаскесіне тіркелген екен. Дауыс бергеннен кейін ғалым өз ойымен бөлісті.
Әрине, осындай тарихи күні көптен қалмай, таңдауымды жасауды парызым деп білемін. Халықпен қатар жүріп, еліңнің болашағына қатысты сәтте иық тіресе тұрғанға не жетсін?! Біздің қоғам қазір үлкен бетбұрыстың, жан-жақты реформаның алдында тұр. Сондықтан осы күні сайлау учаскелеріне барып, дауыс беру – баршамызды қасиетті борышымыз, – деді академик.
Қос сайлау учаскесіне келіп жатқан сайлаушыларға қарап отырып, олардың белсенділігі жоғары екенін байқадық. Дауыс берушілер арасында отбасымен келіп, тарихи оқиғаны ерекше мереке ретінде бағалайтындар көп екенін аңғардық.
Манас АҚСАРЫ.