Қарағанды хайуанаттар бағында ара тотықұсы алғаш рет балапан өрбітті

Қарағанды хайуанаттар бағында көптен күткен қуанышты жаңалық болды. Мұнда алғаш рет көк-сары ара тотықұстарының балапаны дүниеге келді. Блю мен Лимон атты құстар төрт жыл бойы бірге өмір сүргенімен, бұған дейін ұрпақ өрбітпеген. Мамандардың айтуынша, құстардың жаңа әрі кең вольерге көшірілуі олардың табиғи мінез-құлқына оң әсер етіп, балапан басуына мүмкіндік берген.

Қазір үш айлық балапан ата-анасының жанында өсіп келеді. Көлемі жағынан ересек құстарға жақындағанымен, оның қауырсындары әлі толық қалыптаспаған. Сондықтан балапан әзірге ерекше күтімді қажет етеді.

Қарағанды хайуанаттар бағының директоры Гүлнар Адамбекованың айтуынша, Блю мен Лимон зообаққа әртүрлі мекемелерден бөлек-бөлек жеткізілген. Алғашқы кезде құстар жаңа ортаға да, бір-біріне де бірден үйренісе қоймаған.

– Аналығы – Блю, аталығы – Лимон. Бұл жұпты біз сатып алдық. Бұған дейін хайуанаттар бағымызда дәл осындай ірі әрі әдемі тотықұстар жұбы болмаған. Олар бізге әртүрлі зообақтардан бөлек келгендіктен, бастапқыда өте үркек болды. Келушілерге де бірден үйренісе қойған жоқ, – деді Гүлнар Адамбекова.

Құстардың бір-біріне бейімделуі де оңай болмаған. Мамандар оларды бірден бірге ұстамай, алдымен жеке бақылауда ұстаған. Кейін арнайы жағдай жасалып, құстардың табиғи мекеніне барынша жақын орта қалыптастырылды.

Ара тотықұстары үшін арнайы ұя дайындалып, ағаш қуысына ұқсас орын жасалған. Кең вольерде таза ауа, табиғи жарық пен еркін қозғалу мүмкіндігі қарастырылды. Мамандардың пікірінше, құстар өздерін қауіпсіз әрі жайлы сезінген кезде ғана ұрпақ өрбітуге бейім болады.

– Біз оларға ағаш қуысын имитациялайтын арнайы ұя жасадық. Құстар өздерін үйдегідей сезінгенде ғана ұрпақ өрбітуге дайын болады. Үлкен жазғы вольер оларға ұнады. Айналасы ашық, таза ауа кіріп тұрады. Осы орта олардың табиғи мінез-құлқына жақсы әсер етті, – деді Гүлнар Адамбекова.

Көп ұзамай мамандар ұядан жұмыртқа тауып, зообақ үшін күтпеген қуанышты жаңалыққа куә болды. Алайда балапанның дүниеге келуімен бірге оны күту жұмысы да басталды.

Бір кезде балапан ұядан төмен түсіп кеткен. Осыдан кейін аналығы оны біраз уақыт тамақтандыруды тоқтатқан. Зообақ қызметкерлері жағдайды бақылауға алып, балапанды қолдан тамақтандырған.

Орнитология бөлімінің меңгерушісі Зәуреш Шерембаеваның айтуынша, мамандар балапанға арнайы күтім жасап, қажетті жеммен қамтамасыз еткен.

– Балапан ұядан түсіп кеткеннен кейін аналығы оны тамақтандырмай қойды. Біз оны қолдан тамақтандырдық, арнайы минералды жем бердік. Біраз уақыттан соң аналығы қайтадан тамақтандыра бастады. Қазір ата-анасы балапанын өздері бағып отыр, – деді Зәуреш Шерембаева.

Қазір балапанның жағдайы жақсы. Ол біртіндеп айналасын танып, қозғалысын жетілдіріп келеді. Дегенмен әлі де ата-анасының және зообақ мамандарының бақылауында.

Көк-сары ара тотықұстары – Оңтүстік Америкадан тараған ірі құстар. Дене тұрқы шамамен 90 сантиметрге дейін жетеді. Жұп болып өмір сүретін бұл құстардың ерекшелігі – дыбыстарды, соның ішінде адамның сөзін қайталауға қабілеттілігі. Қолайлы жағдайда олардың өмір сүру ұзақтығы бірнеше ондаған жылға жетеді.

Қарағанды хайуанаттар бағындағы бұл оқиға – жай ғана жаңа жануардың дүниеге келуі емес. Бұл мамандардың бірнеше жылдық еңбегінің нәтижесі. Құстарды бейімдеу, олардың мінез-құлқын бақылау, қолайлы орта қалыптастыру және балапанға күтім жасау – барлығы үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Төрт жылдық еңбектің нәтижесінде дүниеге келген балапан қазір зообақтың ерекше тұрғындарының біріне айналды. Ал мамандар үшін оның өмірге келуі ара тотықұстарын күтіп-баптаудағы маңызды тәжірибе әрі Қарағанды хайуанаттар бағының тарихындағы айтулы оқиға болып отыр.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»