Әлеуметтік бейімдеу – қоғамға қайта оралудың маңызды қадамы
Қоғамдағы заң мен тәртіпті нығайту тек құқық бұзушылықтың алдын алумен шектелмейді. Қайта қылмысқа бармауы үшін азаматқа дұрыс бағыт көрсетіп, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беру де маңызды. Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданында осы бағыттағы профилактикалық жұмыстарға әлеуметтік бейімдеу шаралары да енгізіліп отыр.
Жақында аудан әкімі аппараты мен пробация қызметінің ұйымдастыруымен есепте тұрған азаматтар үшін тарихи-өлкетану музейіне экскурсия өткізілді. Оған 27 адам қатысты. «Қауіпсіз қоғам» жобасы аясында өткен шараның мақсаты – қатысушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың қоғаммен байланысын нығайтып, азаматтық жауапкершілігін арттыру.
Пробация есебінде тұрған азаматтармен жұмыс жүргізгенде тек бақылау мен талап қою жеткіліксіз. Олардың қалыпты өмірге қайта оралуына әлеуметтік, мәдени және психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету де қажет. Осыны ескерген Қазыбек би ауданының әкімдігі құқықтық профилактиканы әлеуметтік бейімдеу жұмыстарымен ұштастыруға басымдық беріп келеді.
– Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – пробация есебінде тұрған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және құқықтық мәдениетін арттыру. Адамға тек заң талаптарын түсіндірумен шектелмей, қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіру маңызды. Осындай мәдени-ағартушылық кездесулер азаматтардың дүниетанымын кеңейтіп, жаңа ортаға бейімделуіне мүмкіндік береді, – деді Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасының бөлім прокуроры Ибрагим Тоқтасын.
Музейдегі экскурсия барысында қатысушылар өңір тарихының түрлі кезеңдерімен танысты. Көне дәуірден бастап көшпенділер өркениетіне дейінгі тарихи жәдігерлер көрсетіліп, қазақ халқының мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы мағлұмат берілді. Мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні де осында. Өткенін таныған адам туған жеріне, оның тарихы мен құндылықтарына деген жауапкершілігін тереңірек сезіне алады.
Аудан әкімдігі үшін мұндай жұмыстардың тағы бір маңызды бағыты – азаматтарды қоғамнан оқшауламай, керісінше қоғамдық ортаға қайта қосу. Әлеуметтік бейімделу адамның жаңа орта табуына, пайдалы іспен айналысуына және өз мүмкіндігін бағалауына жағдай жасайды.
– Біздің ауданымызда пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен әлеуметтік бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Негізгі мақсат – олардың қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсету. Осыған байланысты мәдени және ағартушылық іс-шараларға қатысуына мүмкіндік беріп отырмыз. Музейге экскурсия – сол жұмыстардың бір бөлігі. Алдағы уақытта мұндай кездесулерді тұрақты түрде ұйымдастырып, азаматтарды мәдениет, білім және қоғамдық өмірмен жақындастыруды көздеп отырмыз. Бұл олардың жаңа қызығушылықтарын қалыптастырып, әлеуметтік ортаға сенімді түрде оралуына ықпал етеді, – деді Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Аңсаған Шәріп.
Шараға қатысу ерікті түрде ұйымдастырылды. Пробация қызметінің мамандары азаматтарға алдын ала хабарласып, экскурсияға шақырған. Жұмыс істейтіндер мен жеке шаруалары бар азаматтардың да уақыт тауып келуі мұндай бастамаларға қызығушылық бар екенін көрсетеді.
Пробация қызметінің міндеті – сотталған азаматтардың белгіленген талаптарды орындауын бақылау ғана емес. Оларды қайта әлеуметтендіру, жұмыспен қамтуға, қоғаммен байланысын қалпына келтіруге және қалыпты өмір салтына оралуына жағдай жасау да маңызды бағыттардың бірі.
Осы ретте мәдени-ағартушылық іс-шаралардың өзіндік орны бар. Музейге бару, кітапханаға қатысу, қоғамдық кездесулерге араласу – бір қарағанда қарапайым әрекеттер. Алайда адамның әлеуметтік ортасын кеңейтіп, пайдалы қызығушылық қалыптастыруда олардың әсері зор.
– Музейге бару – азаматтардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың бір тәсілі. Мұндай шаралар олардың қоғаммен байланысын күшейтіп, құқық бұзушылыққа қайта жол бермеуге бағыт береді. Біз профилактикалық жұмысты тек ескерту жасаумен шектемей, адамдардың әлеуметтік ортаға қайта қосылуына жағдай жасау арқылы жалғастырамыз, – деді Ибрагим Тоқтасын.
Аудан әкімдігі бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр. Жыл соңына дейін Қарағандының өзге де мәдени нысандарына, музейлер мен кітапханаларға экскурсиялар ұйымдастыру көзделген.
Әлеуметтік бейімдеу – бір реттік шара емес, жүйелі жұмысты қажет ететін үдеріс. Адамға қоғамнан өз орнын табуға мүмкіндік беру, пайдалы орта қалыптастыру және заңды сақтаудың маңызын түсіндіру – құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді жолдарының бірі. Сондықтан Қазыбек би ауданында қолға алынған мұндай бастамалар «Заң мен тәртіп» қағидатын жазалау арқылы ғана емес, қолдау мен әлеуметтендіру арқылы қалыптастырудың маңызды тетігі бола алады.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

