Негізсіз айыппұлдар автоматты түрде жойылады

Қазақстанда бірқатар жүргізушіге жылдамдықты асырғаны үшін қате әкімшілік айыппұлдар рәсімделген. Ішкі істер министрлігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, жүргізушілерді алаңдамауға шақырды.

Мәселе 13–14 тамыз аралығында Бас прокуратураның «ЕРАП» ақпараттық жүйесінде болған техникалық ақауға байланысты туындаған. Жүйе тасжолдардағы көліктің орташа жылдамдығын бақылау кезінде кейбір құқық бұзушылықтарды мезеттік жылдамдықты асыру ретінде қате тіркеген.

Соның салдарынан бірқатар жүргізушіге негізсіз айыппұл туралы нұсқама жіберілген. ІІМ мәліметінше, қате рәсімделген нұсқамалардың барлығы анықталған.

ҚР ІІМ өкілдері жүргізушілерге арнайы ескерту жасап, қате айыппұлдарға байланысты полицияға жүгінудің қажеті жоқ екенін айтты.

– Құрметті жүргізушілер! Тасжолдардағы жылдамдыққа қатысты айыппұлдар бойынша мәселе туындады. 13–14 тамыз аралығында Бас прокуратураның «ЕРАП» ақпараттық жүйесінде нұсқамаларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде техникалық ақау болды. Соның салдарынан орташа жылдамдықты асыру бойынша кейбір бұзушылықтар бір сәттік жылдамдықты асыру ретінде қате рәсімделген. Қазір техникалық ақаудың салдарын жою бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жүргізушілерге айтарымыз: ешқайда барудың, полицияға жүгінудің немесе бір нәрсені дәлелдеудің қажеті жоқ. Қате қалыптастырылған барлық нұсқама анықталды және олар автоматты түрде жойылады, – делінген ІІМ хабарламасында.

Министрлік бұл мәселенің тек тасжолдарда қате рәсімделген айыппұлдарға қатысты екенін нақтылады. Ал қате айыппұлды төлеп қойған жүргізушілерге қаражатты қайтару мәселесі қазіргі уақытта пысықталып жатыр. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов жағдай бақылауда екенін айтты.

Осылайша, техникалық ақаудан қате рәсімделген айыппұлдар бойынша жүргізушілерге қосымша әрекет жасаудың қажеті жоқ. Нұсқамалар автоматты түрде жойылады. Ал төлем жасап қойған азаматтардың қаражатын қайтару тәртібі қосымша нақтыланбақ.

ҚР ІІМ ақпараты негізінде