Қарағанды театры жаңа маусымда жаңа белестерге бет алды

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры 54-ші театр маусымын ашты. Жаңа маусымның шымылдығы Имре Кальманның «Цирк ханшайымы» опереттасымен түріліп, көрерменге ерекше тосынсый ұсынылды. Сахнада театр және кино актері Игорь Письменный өнер көрсетіп, Қарағанды театрының труппасымен бірге жаңа бейнені сомдады.

Жаңа маусымның алғашқы қойылымы көрерменге жақсы таныс «Цирк ханшайымы» опереттасы болғанымен, спектакль құрамындағы жаңа есім көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Ресейлік театр және кино актері Игорь Письменный қойылымдағы Пеликан рөлін сомдады. Көпшілікке «Бригада», «Ночной дозор» секілді фильмдер арқылы танылған актер Қарағанды сахнасындағы алғашқы қойылымына арнайы шақырылған.

Актердің айтуынша, Қарағанды театрының ұжымымен шығармашылық байланыс күтпеген жерден басталған.

– Амантай маған көктемде Қарағандыға гастрольмен келген кезде ұсыныс жасады. «Бағыңызды сынап көргіңіз келмей ме?» деді. Мен бірден келісетінімді айттым. Жазда хабарласып, ұсынысты нақтылаған кезде сөзімізде тұрып, Қарағандыға келдім. Мұнда жұмыс істеу маған өте жеңіл болды. Труппа керемет, актерлер кәсіби әрі мені жылы қабылдады. Қолдау көрсетіп, қажет нәрсенің бәрін жасауға тырысты, – деді Игорь Письменный.

Актердің рөлге дайындығы негізінен қашықтан жүргізілген. Режиссер Евгения Пермякова қойылымға қатысты негізгі жұмыстарды онлайн форматта пысықтаған. Театр ұжымы спектакльдің қалыптасқан құрылымын сақтай отырып, жаңа актердің өзіндік сахналық шешімдеріне мүмкіндік берген.

– Әрине, өзімнен де аздап қостым. Мизансценалар мен мәтінге шағын өзгерістер енгіздім, – дейді актер.

54-ші маусым театр үшін тек жаңа қойылымдармен ғана емес, тың шығармашылық ізденістермен де ерекшеленбек. Алдағы жоспарлардың қатарында Агата Кристидің әйгілі «Тышқанқұрық» шығармасы негізінде мюзикл қою бар. Сонымен қатар театр ұжымы жаңа жылдық қойылымды жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып әзірлеуді жоспарлап отыр.

Бұл бастама театрдың заманауи технологияларды шығармашылық үдеріске енгізуге деген ұмтылысын көрсетеді. Қойылымның музыкалық және мәтіндік материалдарын әзірлеу барысында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану көзделген.

– Мұндай жұмыстар қазір әлемнің көптеген елінде қарқынды дамып келеді. Театр саласында да жаңа технологияларды қолдану тәжірибесі қалыптасып жатыр. Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры осы бағыттағы бастамаларды өз шығармашылығына енгізіп көруді жөн көрді. Бұл – заман талабына сай жаңа мүмкіндіктерді сынау. Жаңа жылдық мюзиклді әзірлеу кезінде осы технологиялық мүмкіндіктерді барынша пайдаланамыз деп ойлаймын, – деді театр басшысы Амантай Ибраев.

Жаңа маусымда театр труппасына жас әртістер де қосылды. Олардың қатарында Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің түлектері бар. Республикалық және халықаралық байқауларда өздерін танытып үлгерген жас өнерпаздар енді кәсіби сахнада тәжірибесін шыңдамақ.

Театр басшылығының айтуынша, көрерменді жаңа солистердің өнерімен таныстыру да маусымның маңызды жаңалықтарының бірі болмақ.

– Көрерменге таныс қойылымдарымыз жалғасады. Сонымен бірге труппамызға қосылған жаңа солистерді сахнадан көруге мүмкіндік болады. Жас әртістердің қатарында Тәттімбет атындағы колледж түлектері де бар. Олар кәсіби сахнада өздерін көрсетуге мүмкіндік алады. Бұл театрдың шығармашылық құрамын жаңартып, жаңа есімдердің қалыптасуына жол ашады, – деді Амантай Ибраев.

Алдағы айларда театрда мәдени шаралар да көп болмақ. Қыркүйек айында дәстүрлі «DosStar» оперетта және мюзикл фестивалі өтеді. Оған түрлі елдерден сахна шеберлері қатысады деп жоспарланған. Бұдан бөлек, жаңа премьералар, гастрольдік сапарлар мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылмақ.

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры үшін жаңа маусым – қалыптасқан дәстүрді жалғастырып қана қоймай, жаңа есімдер мен заманауи технологияларға жол ашатын кезең. Көрерменге таныс шығармалармен қатар тың қойылымдар мен эксперименттік жобалардың ұсынылуы театрдың шығармашылық ізденісін кеңейте түспек.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»