Ерекше қажеттілігі бар жандарды жұмыспен қамтуға жаңа мүмкіндіктер жасалуда

Қарағанды қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау және қоғамға бейімдеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл ретте мемлекеттік органдармен қатар қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың да үлесі зор. Негізгі мақсат – ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жай ғана жұмыс орнын тауып беру емес, олардың еңбек нарығына толыққанды араласуына жағдай жасау, тұрақты жұмыспен қамтылуына және жаңа ортаға бейімделуіне қолдау көрсету.

 

Бүгінде Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбекке араласуына мүмкіндік беретін түрлі тетіктер қарастырылған. Оның ішінде квоталанатын және арнайы жұмыс орындарын ашу, жұмыспен қамту бағдарламаларына қатыстыру, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және жұмысқа орналасу кезінде сүйемелдеу қызметтерін ұсыну бар. Мұндай қолдау есту, көру, тірек-қимыл аппаратының ерекшеліктері бар және басқа да ерекше қажеттілігі бар азаматтарға еңбек етуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі – гранттар арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу. Қарағандыда осындай қолдаудың нәтижесінде қоғамдық тамақтану орындары, тігін шеберханалары, автосервис, клинингтік қызмет көрсету секілді түрлі бағыттағы шағын жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бір жағынан азаматтарға кәсіп бастауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан жаңа жұмыс орындарының пайда болуына жол ашады.

Қарағанды қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті көмекті бір жерден алуға мүмкіндік беретін орталықтар да жұмыс істейді. Солардың бірі – «Qamqor Plus» мүгедектер қоғамдық бірлестігі базасындағы «Ten Qogam» әлеуметтік бейімдеу орталығы. Мұнда азаматтарға жұмысқа орналасу мәселесі бойынша кеңес беріліп, заңнамалық және психологиялық қолдау көрсетіледі. Мамандар адамның қабілеті мен мүмкіндігін ескере отырып, еңбек нарығындағы лайықты бағытты таңдауға көмектеседі.

Ал жұмысқа орналасу процесін сүйемелдеу бағытында «Қолдау» мамандандырылған орталығының жұмысы жолға қойылды. Қарағанды қаласы, Тәттімбет көшесі, 709 мекенжайында орналасқан орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбек нарығына бейімдеуге және жұмысқа орналасуына қолдау көрсетуге бағытталған. Мұнда арнайы мамандар жұмыс іздеушіге бос жұмыс орнын тауып қана қоймай, еңбекке орналасудың әр кезеңінде сүйемелдеу көрсетеді.

«Бүгінде бұл жоба өзінің жалғасын тапты. Қарағанды қаласы, Тәттімбет көшесі, 709 мекенжайында сүйемелдеумен жұмысқа орналастыратын «Қолдау» мамандандырылған орталығы ашылды. Ең бастысы – бүгінде бұл орталықта толыққанды жұмыс істеуге қажеттінің бәрі бар: мамандар даярланған, әдістемесі түсінікті, нәтижені бағалауға болатын нақты көрсеткіштер белгіленген. Орталықтың орналасқан жері де ыңғайлы. Оның міндеті мүмкіндігі шектеулі жанға жай ғана бос орын тауып беру емес. Көбіне адам жұмысқа орналасқаннан кейін де көмекке мұқтаж болады: жұмыс берушінің талаптарын түсіну, жаңа ұжымға бейімделу, ал жұмыс берушіге нақты қызметкердің ерекшелігін ескере отырып, жұмыс процесін дұрыс ұйымдастыру қажет», – дейді Қарағанды облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндетәлиев.

Орталықтың алғашқы жұмыс кезеңінің өзінде оған 50 азамат жүгінген. Олардың үшеуі жұмысқа орналасса, тағы бір азаматқа жұмысқа орналасуға жолдама берілген. Бұл көрсеткіш жұмысқа орналасу мәселесінде сүйемелдеу қызметінің қажеттілігін көрсетеді. Себебі кей жағдайда азаматқа тек бос жұмыс орнын ұсыну жеткіліксіз. Жұмыс берушімен байланыс орнату, құжаттарды рәсімдеу, еңбек жағдайларына бейімделу және жаңа ұжымға сіңісу кезеңінде де қолдау қажет.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесінде жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізудің де маңызы зор. Арнайы жұмыс орнын ұйымдастыру, еңбек жағдайын қызметкердің қажеттілігіне қарай бейімдеу және ұжымда қолайлы орта қалыптастыру – инклюзивті еңбек нарығын дамытудың негізгі шарттарының бірі. Бұл ретте жұмыс берушіге де мамандар тарапынан кеңес беріліп, қызметкердің еңбек процесіне толыққанды қосылуына жағдай жасау жолдары түсіндіріледі.

Қарағанды қаласында бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Өңір басшылығы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі тұрақты бақылауда болуы керек. Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтіп, нақты нәтижеге бағыттау қажет. Әр азаматтың қоғам өміріне белсенді араласуына және еңбек етуіне мүмкіндік жасау – біздің маңызды міндеттеріміздің бірі», – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту – әлеуметтік қолдаудың ғана емес, қоғамның инклюзивті дамуының маңызды көрсеткіші. Қарағанды қаласында мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы осы санаттағы азаматтардың еңбек нарығына еркін араласуына мүмкіндік беріп отыр. Жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіп бастауға қолдау көрсету, арнайы орталықтар арқылы сүйемелдеу және жұмыс берушілермен бірлескен жұмыс – ерекше қажеттілігі бар жандардың әлеуетін жүзеге асыруға бағытталған нақты қадамдар.

Еңбек етуге ниетті азаматқа мүмкіндік беру – оның экономикалық дербестігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы белсенділігін күшейтеді. Сондықтан Қарағандыда ерекше қажеттілігі бар жандарды жұмыспен қамтуға бағытталған әрбір бастаманың түпкі мақсаты – азаматтарды әлеуметтік қолдаумен шектемей, олардың өз мүмкіндігін толық пайдаланып, қоғамның тең құқылы мүшесі ретінде еңбек етуіне жағдай жасау.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»