Жылу мен су желілері жаңарады

Қарағанды облысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқын алып келеді. Қарағанды мен Теміртауда жылу, су және электр желілерін қайта жаңарту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев өңірге жұмыс сапары барысында бірқатар нысанды аралап, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Мамандардың айтуынша, қолға алынған жобалар алдағы жылу маусымының тұрақты өтуіне және тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасының артуына мүмкіндік береді.

Теміртауда вице-премьер ТМ-3 жылу магистраліндегі жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді. Бұл желі арқылы қаланың шамамен 60 мың тұрғыны жылумен қамтылады. Магистральдың тозу деңгейі 75 пайызға жеткен. Сондықтан оны жаңарту қаланың жылумен жабдықтау жүйесі үшін маңызды жобалардың бірі саналады. Былтыр Ұлттық жоба аясында Теміртауда басқа бір жылу магистралі жаңартылған болатын. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде өткен қысқы маусымда аталған желіде бірде-бір апат тіркелмеген.

«Ұлттық жоба аясында Теміртауда жылу магистральдарын кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланған. Бүгінде ТМ-3 магистралінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл желінің тозу деңгейі жоғары болғандықтан, оны жаңарту жылумен жабдықтаудың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді», – дейді Қарағанды облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев.

Қарағандыда Қанат Бозымбаев 50 жылға жуық уақыт бойы пайдаланылып келе жатқан су тазарту кешенін қайта жаңарту барысын көрді. Нысанның тозу деңгейі 80 пайызға жеткен. Соңғы үш жылда мұнда 89 апат тіркелген. Қазір кешен 700 мыңға жуық тұрғынды ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан оны жаңғырту өңірдің су қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

Су тазарту кешенін қайта жаңартуға 15 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Жоба аяқталғаннан кейін нысанның техникалық жағдайы жақсарып, апаттық жағдайлардың саны азаяды деп күтілуде. Мамандар жаңғыртылған кешенді еліміздегі ең заманауи әрі тиімді нысандардың біріне айналдыруды жоспарлап отыр.

Жұмыс сапары барысында вице-премьер электр желілері мен екі жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстарымен де танысты. Қанат Бозымбаев коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.

«Негізгі мақсат – тұрғындарды сапалы жылумен, сумен және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету. Ұлттық жоба аясындағы жұмыстардың нәтижесінде апаттар санын азайтып, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру міндеті тұр», – деді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы 2029 жылға дейін жүзеге асырылады. Оның негізгі мақсаты – инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, коммуналдық желілердің тозуын төмендету және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру.

Ұлттық жоба қазіргі таңда пилоттық режимде бірнеше өңірде жүзеге асырылып жатыр. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Қарағанды облысы осы бағытта көшбасшы өңірлердің қатарында. Өңірдегі жобалардың іске асырылу барысы мен бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы бақылауда болады.

Жаңғырту жұмыстарының тағы бір маңызды бағыты – отандық өндіріс материалдарын пайдалану. Билік өкілдері жобалар аясында мүмкіндігінше қазақстандық өнімдерді сатып алуды қатаң бақылауға алатынын айтты. Бұл тек коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға ғана емес, жергілікті кәсіпорындардың дамуына да серпін бермек. Отандық өнімге сұраныстың артуы кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорындардан бюджетке түсетін салық көлемі де артады.

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының жалпы бюджеті 13 триллион теңгені құрайды. Ауқымды қаржы инженерлік желілерді кезең-кезеңімен жаңартуға бағытталады. Қарағанды облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар да осы бағдарламаның маңызды бөлігі. Мамандардың міндеті – тозығы жеткен желілерді жаңартып қана қоймай, алдағы жылдары коммуналдық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Тұрғындар үшін басты нәтиже – қыс мезгілінде жылу мен суға қатысты апаттардың азаюы, ал коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігінің артуы. Қарағанды мен Теміртаудағы қазіргі жаңғырту жұмыстары осы мақсатқа бағытталған.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»