Баға тұрақтылығы бақылауда

Үкімет отырысында Қазақстандағы инфляция деңгейі мен азық-түлік бағасының өзгеруі талқыланды. Жылдық инфляция 10,2 пайызды құрағанымен, шілдеде бірқатар тауар бойынша бағаның өсу қарқыны бәсеңдеген.

Атап айтқанда, шілде айында азық-түлік бағасы небәрі 0,4 пайызға өскен. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша 0,3 пайыздық дефляция тіркелді. Яғни бұл топтағы өнімдердің бағасы орта есеппен төмендеген.

Жыл басынан бергі кезеңде ақылы қызметтер арасында денсаулық сақтау мен байланыс саласындағы қызметтер көбірек қымбаттаған. Үкімет қант нарығындағы жағдайды да назарда ұстап отыр. Қазақстанның импортқа тәуелділігін ескере отырып, 100 мың тоннаға дейін шикі қантты бажсыз әкелуге рұқсат берілген.

Нан бағасының өсу қарқыны да болжамнан төмен деңгейде қалып отыр. Бұған нан өндірушілерді арзандатылған электр энергиясымен қамтамасыз ету шаралары әсер еткен. Сонымен қатар сүт және нан өндірушілермен бағаны тұрақтандыруға бағытталған меморандумдар жасалуда.

Инфляция деңгейі жоғары өңірлерге жергілікті жерде нақты шаралар қабылдау тапсырылды. Әкімдіктерге өнім жеткізушілермен кездесіп, бағаны тұрақтандыру тетіктерін күшейту міндеттелді.

Осы ретте Қарағанды облысы шілде айының қорытындысы бойынша инфляция деңгейі ең төмен өңірлердің қатарында болды. Өңірде бұл көрсеткіш 8,7 пайызды құрады.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, бағаға әсер ететін факторлардың басым бөлігі өңірлік нарықтарда қалыптасады. Сондықтан инфляцияны тежеу жұмыстары жалпы шаралармен ғана шектелмей, әр өңірдің ерекшелігіне қарай жүргізілуі қажет.

Баға ахуалы алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады. Үкімет инфляция көрсеткіштерін апта сайын саралап, қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылдамақ.