WhatsApp-тағы қауіп: аккаунтыңызды алаяқтардан қорғаңыз

Қазақстанда WhatsApp мессенджеріндегі аккаунттарға заңсыз кіру жағдайлары көбейіп отыр. Қаскөйлер азаматтардың жеке деректерін иемденіп қана қоймай, бұзылған аккаунт арқылы оның таныстары мен жақындарына хабарлама жіберіп, ақша аударуды сұрауы мүмкін. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі азаматтарды мессенджердегі қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырады.

Полицияның мәліметінше, алаяқтар кей жағдайда жалған хабарламалар мен сілтемелер арқылы пайдаланушының аккаунтына қосымша құрылғыны байланыстырып, хат-хабарларға қол жеткізуі мүмкін. Аккаунттың бұзылғанын бейтаныс құрылғының қосылуы, адамның қатысуынсыз хабарламалардың жіберілуі, күтпеген SMS-кодтардың келуі немесе таныстардың күмәнді хабарламалар алғанын айтуы арқылы байқауға болады.

ІІМ азаматтарға WhatsApp-та екі факторлы аутентификацияны қосуды және «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін тұрақты тексеруді ұсынады. Бөгде құрылғы анықталса, оны бірден аккаунттан ажырату қажет. Растау кодын бөгде сайттарға енгізуге де болмайды.

– Осындай хабарламалар алған жағдайда, ақпараттың рас-өтірігін міндетті түрде өзіңіз білетін телефон нөмірі немесе ресми байланыс арналары арқылы тексеріңіздер, – деп ескертті ІІМ өкілдері.

Сондай-ақ танысыңыздан күтпеген жерден ақша аударуды сұраған хабарлама келсе, бірден ақша жібермей, оған телефон арқылы хабарласып, өтініштің шынайылығын анықтаған жөн. Бірнеше минуттық тексеру қаржылық шығынның алдын алуы мүмкін.

ҚР ІІМ ақпараты негізінде