Құбыр тартылды, кезек – үйге газ кіргізуде
Қарағанды үшін газдандыру – жай ғана жаңа құбыр тарту емес, қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңарту мен экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді жоба. Қалада көгілдір отынға қосылатын үйлердің қатары жыл сайын артып келеді. Қазір облыс орталығында жүздеген шақырым газ желісі тартылып, жаңа шағынаудандарға орамішілік құбырлар жүргізілуде. Алайда газдандырудың келесі кезеңі – құбырды үйге жеткізу ғана емес, тұрғындарды нақты жүйеге қосу. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады.
Қарағанды үшін газдандыру бірнеше жылға есептелген ауқымды инфрақұрылымдық жобаға айналды. Бұған дейін көмірмен жылыған жеке сектор үшін табиғи газға көшу – тұрмыстық қолайлылықпен қатар, қыс мезгіліндегі түтінді азайтудың да бір жолы.
Бүгінде облыс бойынша газ тарату желілерінің жалпы ұзындығы 647 шақырымға жетті. Табиғи газға қосылу мүмкіндігі 16 489 жеке тұрғын үйге жасалған. Бұл үйлерде шамамен 65 мың адам тұрады. 2026 жылы өңірде тағы 150 шақырым газ тарату желісін салу жоспарланған. Оның 120 шақырымы Қарағанды қаласына тиесілі.
Қарағандының өзінде газдандыру жұмыстары бірнеше кезеңмен жүргізіліп келеді. Жоба төрт кезекке және 16 іске қосу кешеніне бөлінген. Бұған дейін Михайловка, Березка және теміржол маңындағы бірқатар аумақтарға газ желілері жеткізілсе, кейінгі кезеңде қаланың басқа да жеке секторлары қамтылуда.
Қала құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиевтің айтуынша, газдандыру бір ғана ауданмен шектелмейді. Жоба қаланың әр бөлігін кезең-кезеңімен қамтуды көздейді.
– Қарағанды қаласын газдандыру жобасы төрт кезектен және 16 іске қосу кешенінен тұрады. Бірінші кезек – Жаңа қаланы қамтиды. Одан кейін ЖБИ, Пришахтинск, Майқұдық, Сұрыптау және Жұмысшы кенті бағыттары қарастырылған. Сонымен қатар жеке тұрғын үй құрылысы орналасқан аумақтар да жобаға енгізілген. Қазір жұмыстар қаланың бірнеше бөлігінде қатар жүргізіліп жатыр, – дейді Қарағанды қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.
Бүгінде қалада жалпы ұзындығы 410 шақырым газ желісі салынған. Оның нәтижесінде табиғи газ 10 мыңнан астам жеке тұрғын үйге дейін жеткізілген. Жұмыстардың ауқымы жыл сайын ұлғайып келеді.
Газдандырудың жаңа кезеңі «Күнгей» мен «Таугүл» шағынаудандарын да қамтиды. Бұл аумақтарда газ тарату желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Алтыншы іске қосу кешенін биыл қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.
Бұл шағынаудандардың жобаға енуі кездейсоқ емес. Бұған дейін де «Күнгей» мен «Таугүлге» газ жеткізу мәселесі көтерілген. Ресми жоспарларда бұл аумақтарға ондаған шақырым газ желісін тарту және мыңдаған абонентті көгілдір отынға қосу көзделген.
Камалиевтің айтуынша, жаңа аудандарда негізгі назар орамішілік желілерге аударылып отыр. Себебі магистральдық желінің салынуы – газдандырудың алғашқы бөлігі ғана. Одан кейін әр көшеге, әр үйге дейін қажетті инфрақұрылымды жеткізу керек.
– «Күнгей» мен «Таугүл» шағынаудандарында қазір газ тарату желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жерлерде орамішілік желілерді тарту жұмыстары атқарылуда. Алтыншы іске қосу кешені бойынша жұмыстарды аяқтап, тұрғын үйлерді газға қосуға мүмкіндік беруді жоспарлап отырмыз. Қазір осы бағыттағы құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр, – деді Мұрат Камалиев.
Газдандырудың қарқынын тек салынған құбырдың ұзындығымен өлшеу жеткіліксіз. Себебі желі көшеге келгенімен, үйге газ бірден кірмейді. Тұрғынға техникалық шарт алып, жобалау және үй ішіндегі газ жабдығын орнату жұмыстарынан өту қажет. Қала мәслихатында да осы мәселе көтеріліп, тұрғындарға техникалық шарттарды беру мерзімін жеделдету, құқықтық және консультациялық көмек көрсету қажеттігі айтылған.
Сондықтан бүгінгі таңда газдандырудағы маңызды міндеттердің бірі – бұрын тартылған желілерге абоненттерді нақты қосу. 2026 жылғы наурыздағы ресми мәлімет бойынша, Қарағанды мен Теміртауда газ желісі шамамен 16,5 мың жеке үйге дейін жеткізілгенімен, іс жүзінде 7 500-ден астам абонент газбен жабдықтау жүйесіне қосылған. Бұл газ құбырының үйге дейін жетуі мен тұрғынның табиғи газды пайдалана бастауы арасында әлі де айырмашылық бар екенін көрсетеді.
Газға қосылу тәртібінде тұрғындар үшін тағы бір маңызды мәселе – қауіпсіздік. Мамандар құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін компаниялардың қажетті рұқсат құжаттары мен өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруге кеңес береді. Газға қосылу кезінде техникалық шарт алу, жоба әзірлеу және монтаж жұмыстарын жүргізу сияқты кезеңдерден өту қажет.
Қарағандымен қатар газдандыру жұмыстары облыстың басқа қалалары мен елді мекендерінде де жалғасып жатыр. Шахтинск пен бірқатар елді мекендерде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ал Теміртауда газдандыру жұмыстары толық аяқталған.
Осылайша, Қарағандының газдандырылуы бір реттік құрылыс емес, бірнеше жылға созылған жүйелі жоба болып отыр. Бір кезеңде магистральдық желі тартылса, келесі кезеңде орамішілік желілер салынады, одан кейін үйлерді нақты қосу жұмыстары жүргізіледі.
Биылғы 120 шақырымдық жаңа желі қаланың газ картасын тағы кеңейтпек. Бірақ тұрғындар үшін ең маңызды көрсеткіш – құбырдың ұзындығы емес, көгілдір отынның өз үйіне нақты жетуі.
Қарағанды біртіндеп көмірден газға көшіп келеді. Ендігі міндет – тартылған әр желінің толық іске қосылып, газ күтіп отырған үйлердің нақты тұтынушыға айналуын қамтамасыз ету.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

