Аптаптағы тіршілік: зообақтағы ерекше жаз
Қарағандыда жазғы аптап хайуанаттар бағындағы жануарларға да оңай тиіп жатқан жоқ. Сондықтан зообақ қызметкерлері жазғы күтім тәртібін күшейтіп, жануарларды ыстықтан қорғаудың арнайы шараларын қолға алған. Ал биыл мұнда аптаппен қатар жағымды жаңалықтар да көбейіп, нағыз «бэби-бум» байқалады.
Жануарларға таза су үнемі қолжетімді. Аюлардың қоршауында бассейндер бар, олар күн сайын тазаланып, жаңартылады. Ыстық күндері аюларға мұздатылған жидектер, балмұздақ пен қарбыз беріледі. Ал бетоннан салынған баспаналар жануарларға салқын жерде демалуға мүмкіндік береді.
«Ыстық күндері аюлар бассейннің көмегімен салқындайды. Бассейндер күн сайын суға толтырылып, тазаланады. Су өз құдығымыздан алынады. Сондықтан суымыз әрдайым таза әрі тұнық», – дейді зообақтың ветеринар дәрігері Жасқанат Сейдахметов.
Жануарлардың рационы да ауа райына қарай бейімделеді. Зообақтың өз бақшасында көкөністер өсіріліп, олар жануарларға беріледі. Биыл мұнда екі тоннадан астам кәді жиналған. Оны аюлар, маймылдар, альпакалар және басқа да жануарлар сүйсініп жейді.
Биылғы «бэби-бум»
Аптап ыстыққа қарамастан, Қарағанды зообағында биыл төл көп. Мамандар 2026 жылды «бэби-бум» жылы деп отыр. Мұнда қодас, пони, жылқы, жолбарыс және Қызыл кітапқа енген сирек жануарлардың төлдері дүниеге келген.
Зообақ директоры Гүлнара Адамбекованың айтуынша, биылғы төлдердің көптігі мамандар үшін де күтпеген қуаныш болған.
«2026 жыл бізде нағыз «бэби-бум» болып тұр. Жыл сайын төл аламыз, әрине. Бірақ кей жылдары төл аз болады. Ал биыл күтпеген жерден өте көп төл дүниеге келді. Бізде қодастар, таутеке, көк қошқардың төлдері дүниеге келді. Сонымен қатар жолбарыстың да күшіктері бар», – дейді Гүлнара Адамбекова.
Биылғы ерекше жаңалықтардың бірі – альпаканың төлі. Үш жыл бұрын зообаққа әкелінген Майя мен Қара Ныш алғаш рет ұрпақ өрбітті. Кішкентай альпака туғаннан кейін жарты сағат ішінде аяғына тұрып, енесін еме бастаған.
Мамандардың айтуынша, альпакалар ауа райының өзгерісіне сезімтал. Сондықтан олардың жағдайына ерекше көңіл бөлінеді. Жануардың жүнін де толық қырқуға болмайды, өйткені ол суықтан да, ауа райының өзгерісінен де қорғайды.
Қарағанды зообағындағы биылғы «бэби-бум» – жануарларды күтіп-баптау жұмысының нәтижесін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Сирек кездесетін түрлердің көбеюі олардың санын сақтауға мүмкіндік берсе, аптап кезінде жасалған жағдай жануарлардың жазды қауіпсіз өткізуіне жағдай жасап отыр.
Бір жағынан, қызметкерлер жануарларды аптаптан қорғауға күш салса, екінші жағынан, зообақтағы қоршауларда жаңа тіршілік дүниеге келіп жатыр. Биылғы жаз Қарағанды зообағы үшін ыстық күндермен ғана емес, жаңа төлдермен де есте қалмақ.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

