Абай мұрасы – рухани тағылым алаңы

Қарағандының Орталық саябағында ұлы ақын, хәкім Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Әнге айналған Абай мұрасы» атты салтанатты концерттік кеш өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған бұл шарада ақынның аңызға айналған шығармалары әуезді ән, әсем би мен отты өлең арқылы көрерменге жол тартты.

Ұлы ақынның жазғаны – жанды тебірентіп, санаға салмақ салар терең тағылым. Кеш барысында «Айттым сәлем, Қаламқас», «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» сынды Абайдың төлтума туындылары шырқалып, қала тұрғындарына ерекше рухани серпіліс сыйлады.

«Бүгін саябақта тұрғындар мен қала меймандары үшін Абайдың жүрекке ұялайтын әндері орындалып жатыр. Сөзі терең, әуені әсем бұл туындылар әрбір тыңдаушыға ерекше көңіл-күй сыйлайтыны сөзсіз», – дейді Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртісі Тілеужан Қордабаева.

Ағартушының рухани мұрасына арналған бұл концерт – қала көлемінде өтіп жатқан ауқымды мәдени шаралардың заңды жалғасы. Күн бойы саябақ аумағында тұрғындар үшін ақын шығармашылығына арналған кітап көрмелері, танымдық сағаттар мен түрлі мәдени кездесулер ұйымдастырылды.

«Абай мұрасын дәріптеу бағытында қалада бірқатар кешенді шаралар қолға алынып, жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Соның қатарында саябақ ішінде ашық аспан астындағы кітапхана жұмыс істеп, тұрғындарға қызмет көрсетті. Тамыз айы ішінде ұлы ақынның өсиетін, «толық адам» концепциясын жастар арасында кеңінен насихаттау жұмыстары одан әрі жалғасады», – дейді қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Ақмарал Байсаханова.

«Абайды оқы, жалықпа», «Абайға құрмет – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне құрмет» деген ұстанымды ту еткен бұл кеш кәсіби өнерпаздар мен қала тұрғындарының басын бір алаңға біріктірді. Хәкімнің білім, еңбек пен бірлікке үндеген өсиеті арада ғасыр өтсе де өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Рухани кеш ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіріп, Абай мұрасының уақыт өткен сайын жаңғыра беретінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»