Абай әлемі – өнер өрнегінде
Абай күніне орай Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ашылды. Музей қорындағы құнды туындылар топтастырылған экспозицияда Абайдың ақын ғана емес, ағартушы, ойшыл, философ ретіндегі бейнесі әр суретшінің өзіндік көзқарасы арқылы көрініс тапқан. Көрменің алғашқы қонақтары – «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» мүшелері мен кітапхана өкілдері.
Абайды тану – оның өлеңдерін оқумен ғана шектелмейді. Ұлы ойшылдың шығармашылығы музыкада, театрда, әдебиетте ғана емес, бейнелеу өнерінде де өзіндік із қалдырған. Суретшілер Абайдың тұлғасын әртүрлі қырынан бейнелеп, оның ой әлемін бояу, сызық және көркемдік композиция арқылы жеткізуге тырысты.
Музейде ашылған көрме де осы ізденістердің бір көрінісі. Экспозицияға музей қорында сақталған Абайға арналған графикалық және кескіндемелік жұмыстар қойылған. Олардың қатарында Андрей Осипенконың «Абай» триптихы, Виктор Шамшиннің «Абай сөзі» туындысы, сондай-ақ Тимур Кеңесбаев пен Александра Рахманованың еңбектері бар.
Көрмедегі шығармалардың басым бөлігі офорт, майлы бояу, линогравюра және литография сияқты бейнелеу өнерінің әртүрлі техникасында орындалған. Бұл туындылардың әрқайсысы Абай бейнесін өзінше ашып, көрерменге ақынның тұлғасын әр қырынан қабылдауға мүмкіндік береді.
Көрменің мақсаты да – Абайдың мұрасын өнер арқылы кеңінен таныту. Музей мамандарының айтуынша, мұндай экспозициялар келушілерге белгілі тұлғаның өмірбаянын ғана емес, оның шығармашылығын суретшінің көзімен тануға жол ашады.
– Біздің шарамыз Абай күніне орай ұйымдастырылып отыр. Көрмеде музей қорында сақталған Абайға арналған шығармалар жинақталды. Мұндағы басты мақсатымыз – келушілерді ұлы ақынның бейнесін бейнелеу өнері арқылы ашқан суретшілердің еңбектерімен таныстыру. Абайдың шығармашылығы өте кең болғандықтан, оның тұлғасын әр суретші өзінше қабылдап, өзінше жеткізеді. Сондықтан бұл көрменің көрермен үшін танымдық мәні зор, – дейді Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми-әдістеме бөлімінің басшысы Гүлжан Зайытова.
Экспозицияның төрінен орын алған туындылардың бірі – Андрей Осипенконың «Абай» триптихы. Үш бөліктен тұратын шығармада ақынның тұлғасы бірнеше көркемдік образ арқылы ашылған.
Суретші бұл еңбегін Абай поэзиясынан алған әсерінің негізінде дүниеге әкелген. Кейін туындысын музей қорына өз қолымен сыйға тартқан. Бүгінде шығарма Абайға арналған экспозицияның маңызды бөліктерінің біріне айналып отыр.
Гүлжан Зайытованың айтуынша, триптихке мұқият қараған адам суретшінің Абай бейнесін жай ғана портрет ретінде көрсетпегенін аңғара алады.
– Алдарыңыздағы триптихке қарасаңыздар, мұнда Абайдың бейнесі бірнеше қырынан көрсетілген. Суретші оны ең алдымен ағартушы, ойшыл ретінде танытуға тырысқан. Сондықтан шығармадағы бейнелер мен композицияның әр бөлігі Абайдың рухани әлемімен байланысты. Бұл туындыны бір қарағанда толық түсініп қою қиын, оған қайта қарап, әр бөлшегіне назар аударған сайын жаңа мағына табуға болады, – дейді музей маманы.
Триптихтің көркемдік шешімінде алтын-сары түстердің басым болуы да кездейсоқ емес. Суретші бұл реңктер арқылы қазақ даласының табиғатын, кеңістігін және Абайдың рухани әлемін астастыруға тырысқан.
– Триптихтің бір бөлігінде алтын-сары түстер ерекше байқалады. Суретші осы түстер арқылы қазақ даласын, оның кеңістігін және Абайдың ішкі дүниесін жеткізген. Яғни мұнда табиғат пен ақынның рухани әлемі бір-бірімен сабақтасып тұр. Бұл – шығарманың өзіндік ерекшеліктерінің бірі, – дейді Гүлжан Зайытова.
Абай бейнесі қазақ бейнелеу өнерінде әр кезеңде әртүрлі сипатта көрініс тапты. Бір суретші оны ағартушы ретінде танытса, екіншісі ойшылдық қырын алға шығарады. Үшіншісі ақынның туған жерімен, табиғатпен байланысын бейнелейді. Осы тұрғыдан алғанда музейдегі әр туынды – Абай тұлғасын танудың өзіндік бір жолы.
Көрме тек бейнелеу өнері туындыларымен шектелмеген. Оның ашылуына «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» мүшелері мен Гоголь атындағы кітапхана өкілдері қатысты. Келушілерге Абай өлеңдері оқылып, оның әдеби мұрасы туралы танымдық дәріс ұйымдастырылды.
Бұл шараның ерекшелігі – әдебиет пен бейнелеу өнерінің қатар ұсынылуында. Көрермен алдымен ақынның өлеңін тыңдап, кейін сол шығармалардан суретшілер алған әсердің бейнедегі көрінісін тамашалай алады.
Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың өнер туралы әдебиеттер бөлімінің басшысы Балжан Зейнелованың айтуынша, кітапхана қорындағы Абайға қатысты әдебиеттер де оқырмандарға тұрақты түрде таныстырылып келеді.
– Біздің өнер туралы әдебиеттер бөлімінде қазақтың ұлы ақыны Абайға арналған көптеген әдебиеттер бар. Біз оқырмандарды өнер саласына қатысты кітаптармен, суретшілердің шығармашылығымен және белгілі тұлғалар туралы басылымдармен үнемі таныстырып отырамыз. Абайдың шығармашылығы да осы бағыттағы маңызды тақырыптардың бірі. Осындай көрмелердің өтуі кітапхана мен музей арасындағы байланысты нығайтып, оқырман мен көрерменнің танымын кеңейте түседі, – дейді Балжан Зейнелова.
Көрмені алғашқылардың бірі болып тамашалаған аға буын өкілдері үшін мұндай шараның тәрбиелік мәні де бар. Абайдың шығармашылығы бір ұрпақтың еншісінде қалатын мұра емес. Оның ойлары мен өлеңдері әр кезеңде жаңаша оқылып, жаңа қырынан таныла береді.
Бүгінде Абай есімі әдебиет пен мәдениеттің ғана емес, ұлттық ой-сана мен рухани құндылықтардың символына айналған. Сондықтан оның бейнесін бейнелеу өнері арқылы таныту да маңызды.
Музейдегі көрме осыны тағы бір мәрте көрсетеді. Мұнда келуші Абайдың дайын портретін ғана көрмейді. Ол суретшінің ақын шығармашылығын қалай қабылдағанын, қандай ойды бояу мен сызық арқылы жеткізгенін байқай алады.
Экспозицияның тағы бір ерекшелігі – әртүрлі техникада орындалған жұмыстардың бір кеңістікте топтастырылуы. Майлы бояудың қанық реңктері мен графикалық жұмыстардың дәлдігі Абай бейнесін әртүрлі көркемдік тәсілмен ашуға мүмкіндік береді.
Мұндай көрмелердің маңызы – тарихи тұлғаны есте сақтаумен ғана шектелмейді. Олар көрерменді Абай шығармашылығына қайта үңілуге, оның өлеңдері мен қара сөздерін жаңаша оқуға жетелейді.
Абайдың «толық адам», білім, еңбек, адамгершілік туралы ойлары бүгін де өзекті. Сондықтан ұлы ақынның мұрасын дәріптеудің кез келген түрі – ұлттың рухани жадын жаңғыртудың бір жолы.
Облыстық бейнелеу өнері музейіндегі көрме де – осы мақсаттағы мәдени жобалардың бірі. Келушілер мұнда Абайды ақын ретінде ғана емес, суретшілердің шығармашылық көзқарасы арқылы көрініс тапқан ойшыл тұлға ретінде тани алады.
Абай күніне арналған көрме 15 тамызға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын музейге келіп, Абай бейнесін әртүрлі көркемдік тәсілмен сомдаған суретшілердің еңбектерімен танысуға шақырады.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

