Абай мұрасы – ұрпаққа аманат

Қаламызда қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған әдеби-шығармашылық кеш өтті. «Абай – халықтың рухани мұрасы» атты тағылымды шарада ақынның өмірі мен шығармашылығы кеңінен насихатталып, оның өлеңдері мен әндері орындалды.

Кештің негізгі мақсаты – Абайдың мол әдеби мұрасын дәріптеу, ақын шығармаларындағы білім, еңбек, адамгершілік, елдік пен бірлік идеяларын жас ұрпаққа насихаттау. Әдебиет пен өнер тоғысқан шара барысында Абайдың сырлы өлеңдері оқылып, халық арасында кең тараған әндері шырқалды.

Баян сүйемелдеуімен Мартбек Күлбаев пен Қымбат Каримова ақынның «Көзімнің қарасы» әнін орындаса, Тілейхан Досымжан «Желсіз түнде жарық ай» әнін нақышына келтіре шырқады. Өнерпаздардың орындауындағы әндер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш барысында №2 кітапхана ұйымдастырған Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі де таныстырылды. Көрмеге ақынның шығармалары, өмір жолы мен әдеби мұрасын зерттеуге арналған еңбектер және түрлі басылымдар қойылды. Кітапхана басшысы Елена Свиридова жиналған қауымға көрмені таныстырып, Абай шығармашылығын тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді.

Шараның тағы бір ерекшелігі – Абай шығармаларының орыс тіліндегі нұсқаларының оқылуы. Екатерина Филатова ақынның «О казахи, мой бедный народ» өлеңін, ал Кирилл Столяр «Будь разборчив в пути своём» шығармасын мәнерлеп оқып, ұлы ақын ойларының тіл мен уақыт шекарасынан тыс маңызын көрсетті.

Кеш қонақтарының қатарында 85510 және 44803 әскери бөлімдерінің сарбаздары да болды. Әскери қызметшілердің мәдени-танымдық шараға қатысуы олардың ұлттық әдебиет пен рухани мұраны тереңірек танып, ел тарихы мен мәдени құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді.

Жастармен жұмыс жөніндегі әдіскер Құндыз Қанағатқызы Абай шығармаларының бүгінгі ұрпақ үшін де өзекті екенін атап өтті.

«Абайдың әрбір шығармасында адамды жақсы қасиеттерге үндейтін терең ой бар. Ол жастарды ғылым-білімге ұмтылуға, еңбектенуге, өз-өзін дамытуға шақырды. Сондықтан Абайдың өсиеттері бүгінгі жастар үшін де өте маңызды. Осындай кештер жастардың кітап оқуға, өнер мен әдебиетке қызығушылығын арттырып, ұлттық мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызды құрметтеуге тәрбиелейді. Бүгінгі шараға әскери бөлімдердің сарбаздары да қатысып, өз үлестерін қосты. Көрерменнің ықыласы мен қызығушылығы қуантты. Абайдың өлеңдері оқылып, әндері орындалып, кітап көрмесі таныстырылды. Осындай шаралар арқылы Абай мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге өз үлесімізді қосып жүргенімізге қуаныштымыз. Абай сөзі халықпен бірге жасай береді деп сенемін», – деді Құндыз Қанағатқызы.

Абайдың шығармашылық мұрасы – ұлттың рухани қазынасы. Ақынның білім мен ғылымға, еңбекке, адамгершілікке үндеген ойлары арада қанша уақыт өтсе де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Оның шығармаларын насихаттау – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, рухани дүниесін байытудың маңызды жолдарының бірі.

Әдебиет пен өнерді сабақтастырған бұл кеш Абай мұрасының өміршеңдігін тағы бір мәрте көрсетіп, көрерменге тағылымды ой мен рухани әсер сыйлады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»