Қарағанды облысында 17 су айдыны конкурсқа шығарылады
Қарағанды облысында балық шаруашылығын дамытуға арналған резервтік су айдындарының тізімі бекітілді. Жалпы аумағы алты мың гектардан асатын 17 көл, су қоймасы мен бөгет кәсіпкерлер арасында ашық конкурс арқылы үлестірілмек.
Конкурс жеңімпаздары су айдындарын балық шаруашылығын жүргізу үшін пайдалана алады. Олардың бір бөлігі кәсіпшілік балық аулауға арналса, енді бірінде әуесқойлық және спорттық балық аулауды дамыту көзделген.
Тізімге облыстың бірнеше ауданындағы су айдындары енгізілді. Абай ауданында – Қойбас бөгеті мен Саран су қоймасы, Бұқар жырау ауданында – Қандыкөл және Ботақара көлдері бар. Нұра ауданынан бес нысан, оның ішінде Завьяловка және Қарақасқа бөгеттері енгізілген.
Осакаров ауданында Ағаштыкөл көлі мен Крестовка бөгеті конкурсқа ұсынылса, Шет ауданында алты су айдыны – Картофельная, Қызылтау, Мұхтар бөгеттері және Нижняя Калиновка су айдыны бар.
Жаңа нысандарды балық шаруашылығына тарту су ресурстарын тиімді пайдалануға, балық қорын көбейтуге және өңірдегі кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді.
Бекітілген су айдындарының толық тізімі ашық қолжетімділікте жарияланады. Кәсіпкерлер мен өзге де мүдделі тұлғалар тізіммен танысып, алдағы конкурс рәсімдерінің жариялануын қадағалай алады.
