Салық есептеу бір батырмамен жүзеге асады

Қазақстанда кәсіпкерлер үшін салық пен әлеуметтік төлемдерді есептеу тәртібін жеңілдететін жаңа цифрлық сервис әзірленді. Қаржы министрлігі ұсынған «Бір басу арқылы есептеу» (Расчет в один клик) пилоттық жобасы жұмыс берушілердің қызметкерлерге қатысты салықтары мен әлеуметтік аударымдарын автоматты түрде есептеуге мүмкіндік береді.

Жаңа сервис салықтар мен міндетті әлеуметтік төлемдердің сомасын автоматты түрде шығарып қана қоймай, төлем құжаттарын қалыптастырып, оларды екінші деңгейлі банктерге жіберуге де мүмкіндік береді. Бұл әсіресе шағын және орта бизнес өкілдерінің уақытын үнемдеп, бухгалтерлік есеп жүргізуді едәуір жеңілдетпек.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, жоба кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға, адами фактордан болатын қателердің алдын алуға және салықтық міндеттемелерді уақытылы орындауға жағдай жасауға бағытталған. Сонымен қатар сервис мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы цифрлық өзара іс-қимылды жетілдіруге ықпал етеді.

Қазіргі таңда пилоттық жобаның құжаты қоғамдық талқылауға шығарылды. Ол 14 тамызға дейін «Ашық НҚА» порталында көпшілік талқысына ұсынылған. Осы уақыт аралығында кәсіпкерлер, бухгалтерлер және сарапшылар құжатпен танысып, өз ұсыныстары мен ескертулерін енгізе алады.

Мамандардың пікірінше, жаңа сервис іске қосылған жағдайда кәсіпкерлердің қағазбастылыққа жұмсайтын уақыты қысқарып, салық есептілігін жүргізу әлдеқайда тиімді әрі ыңғайлы болмақ.