Қарағандыда отбасыларды әлеуметтік қолдау тетіктері кеңейіп келеді

Қарағанды қаласында халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды жан-жақты қолдауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығында «Конституция және отбасы: қолдау кеңістігі» атты әлеуметтік-маңызы бар іс-шара және «Ашық есік күні» ұйымдастырылып, тұрғындарға құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетуге арналған кең ауқымды кездесу өтті.

Шаралардың негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратқа қолжетімділігін арттыру, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсету, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту болды.

Кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй мәселелері, құқықтық және психологиялық қолдау бағыттары бойынша білікті мамандардан тегін кеңес алды. Мамандар азаматтардың жеке сұрақтарына жауап беріп, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік қолдау тетіктері жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Шара аясында ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін психологиялық тренингтер ұйымдастырылды. Сонымен қатар балалар гипстен бұйым жасау, ауа пластилинінен және ермексаздан мүсіндеу бойынша шығармашылық шеберлік сабақтарына қатысып, өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алды. Мұндай шаралар балалардың шығармашылық әлеуетін арттырып қана қоймай, ата-аналардың мамандармен еркін пікір алмасуына және қажетті кеңестер алуына қолайлы жағдай жасады.

Бағдарлама аясында Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері интернет-алаяқтықтың алдын алу тақырыбында ақпараттық кездесу өткізіп, тұрғындарға қаржылық қауіпсіздікті сақтау, күмәнді сілтемелер мен жалған хабарламалардан сақтану жолдарын түсіндірді. Мамандар азаматтарды цифрлық сауаттылықты арттыруға және алаяқтардың түрлі айла-тәсілдеріне сақ болуға шақырды.

Күннің маңызды шараларының бірі «Өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды сүйемелдеудегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл: тәжірибе және бірлескен шешімдер» тақырыбындағы дөңгелек үстел болды. Жиынды Қарағанды қаласы әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары Ләззат Ақылжанова жүргізді.

Негізгі баяндаманы Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығының директоры Аида Ысқақова жасап, отбасы институтын нығайтуда мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара тиімді әріптестігінің маңыздылығына тоқталды.

– Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көрсетілетін көмекті бір жүйеге келтіру. Барлық мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара байланысы неғұрлым тиімді болса, азаматтарға көрсетілетін қолдау да соғұрлым сапалы болады. Бүгінгі дөңгелек үстелде нақты ұсыныстар айтылып, алдағы бірлескен жұмыстардың бағыты айқындалды, – деді Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығының директоры Аида Ысқақова.

Дөңгелек үстелге жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, денсаулық сақтау басқармасы, полиция органдары, білім беру ұйымдары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының өкілдері, пробация қызметі, ювеналды полиция, Жастар ресурстық орталығы, психологиялық қолдау орталығы, Қазақстан Республикасы Қызыл Жарты Ай қоғамы, «Ана үйі» қоғамдық қоры, «ҚОРҒАУ» дағдарыс орталығы, көпбалалы аналардың қоғамдық бірлестіктері, Әкелер одағы, Аналар кеңесі және басқа да мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру, әлеуметтік тәуекелдерді ерте анықтау, қиын жағдайға тап болған отбасыларды кешенді сүйемелдеу, балалардың құқықтарын қорғау және отбасы институтын нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды. Шара қорытындысында Әкелер одағы мен Аналар кеңесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, алдағы уақытта бірлескен жұмысты жалғастыру жөнінде ортақ келісімге келді.

Мұндай шаралар мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыруға, тұрғындардың құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге және қоғамдағы өзара сенім мен серіктестікті нығайтуға ықпал етеді. Қарағанды қаласында ұйымдастырылып жатқан осындай кездесулер азаматтардың өзекті мәселелерін уақытылы шешуге мүмкіндік беріп, әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналып келеді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»