Рухқа тағзым – ұрпаққа аманат

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылында қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі – Наманай батыр Тазұлының рухына арналған тағылымды ас өтті. 24-25 шілде күндері ұйымдастырылған ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен Наманай ұрпақтары, ақсақалдар, зиялы қауым, өнер және спорт өкілдері қатысып, баба рухына тағзым етіп, елдік пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетті.

Тағылымды жиынның басты мақсаты – Наманай батырдың есімін ұлықтау, тарихи тұлғаның ел қорғаудағы ерлігін жас ұрпаққа таныстыру, ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды.

Тарихи деректерге сәйкес, Наманай батыр Тазұлы XVI ғасырдың екінші жартысында өмір сүріп, Қазақ хандығының айбынды хандары Тәуекел мен Есім хан тұсындағы ел қорғау жорықтарына белсене қатысқан. Қаракесек – Бошан – Таз әулетінен шыққан батыр Тәуекел ханның Бұхара мен Самарқан бағытындағы жорықтарында қол бастап, қазақ жасақтарының мыңдығына жетекшілік еткен деген деректер халық шежіресі мен ауызша тарихта сақталған. Ел аузындағы аңыздарда оның жауынгерлігі ғана емес, ел бірлігін сақтаудағы парасаты да ерекше аталады.

Шараның алғашқы күні Балқантау мешітінде Наманай батырдың рухына Құран бағышталып, құрбандық шалынды. Жиналған жұрт ата-баба рухына тағзым етіп, ақсақалдар бата берді.

Ал келесі күні Егіндібұлақ ауылындағы Қойшыбай бұлағында Наманай батырға арналған белгітастың ашылу рәсімі өтті. Бұл – батырдың тарихи мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Белгітастың ашылуына жиналған қауым бабаның ел қорғаудағы ерлігіне тоқталып, тарихи тұлғаларды ұлықтау – ұлттық сананы жаңғыртудың маңызды тетігі екенін атап өтті.

Шара аясында мазмұнды мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық Академиялық қазақ драма театрының әртістері тарихи қойылым ұсынып, көрерменді қазақ халқының қилы кезеңдеріне жетеледі. Сонымен қатар Наманай ұрпақтарының қатысуымен шығармашылық кездесу өтіп, бабалар тарихы мен шежіресі кеңінен сөз болды.

Тағылымды астың сәнін келтірген негізгі бағыттардың бірі – ұлттық спорт жарыстары болды. Аламан бәйге, тай бәйге, командалық көкпар, қазақ күресі, қол күресі, асық ату, арқан тарту, қой көтеру және басқа да ұлттық ойындар ұйымдастырылып, әр сайысқа қомақты жүлде қоры тігілді.

Әсіресе командалық көкпар сайысы көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Жеті команда қатысқан додада жалпы жүлде қоры 2 миллион теңгені құрады. Тартысты өткен жарыс қорытындысында Теректі-1 командасы бас жүлдені жеңіп алса, екінші орынды Теректі-2, үшінші орынды Қарағайлы, төртінші орынды Қызылтау құрамасы иеленді. Жарыс барысында барлық командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, көрермендерге тартысқа толы ойын сыйлады.

Қазақ күресі, бәйге және өзге де жарыстарда жеңімпаз атанған спортшыларға Наманай батыр атындағы арнайы медальдар, белдіктер мен бағалы сыйлықтар табысталды. Бұл ұлттық спортты қолдау мен жастарды ата дәстүрге баулудың жарқын көрінісі болды.

Той басшысы Медет Рысханның айтуынша, астың басты мақсаты – бес ғасыр бұрын өмір сүрген Наманай батырдың ұрпақтарының басын қосып, өзара таныстыру, тарихи сананы жаңғырту және баба мұрасын кейінгі буынға аманат ету.

– Біздің мақсатымыз – Наманай бабадан тараған ұрпақтардың басын қосып, бір-бірімен табыстыру ғана емес, жастарға атамыздың ерлік жолын кеңінен таныстыру. Алдағы уақытта Наманай батырдың толық шежіресін жинақтап, ғылыми тұрғыдан жүйелеу жұмыстары жалғасады. Барлық спорттық жарыстарға демеушілер қолдау көрсетіп, жеңімпаздарға арнайы жүлделер, медальдар мен белдіктер тапсырылды. Асты ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға арнайы төсбелгілер мен алғыс хаттар табыс етілді, – деді ол.

Шара барысында әр өңірден келген Наманай ұрпақтары шежіре тарқатып, бабалар тарихын зерделеді. Ақсақалдар ұрпақ тәрбиесі, елдік пен бірлік жайында тағылымды әңгімелер айтып, жастарға ақ батасын берді. Бұл кездесу туыстық байланысты нығайтып қана қоймай, кейінгі ұрпақтың тарихи жады мен ұлттық болмысын қалыптастыруға ықпал етті.

Екі күнге созылған тағылымды ас кешкісін мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Сахна төрінде Қазақстанның танымал әншілері Қуандық Рахым, Орал Бахтияр, Қазыбек Әдікей, «Әуен» тобы, Айкерім, Амангелді Зағыпыран, Сәрсенбай Шыңғыс Кенжеғалиұлы, Бекарыс және Наманай ұрпақтарынан шыққан өнерпаздар әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Халық әндері мен заманауи туындылар орындалып, ұлттық рухты асқақтатқан концерт мерекенің шырайын аша түсті.

Осылайша Наманай батырдың рухына арналған тағылымды ас – өткенді ұлықтап, бүгінді ұйыстырған, келешекке өнеге болған тағылымы мол басқосуға айналды. Елдің әр түкпірінен келген ағайын баба рухына тағзым етіп қана қоймай, өзара байланысын нығайтып, елдік пен бірліктің, ұлттық құндылықтардың өміршең екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Тарихи тұлғаларды ұлықтау, ұлттық спортты қолдау, мәдени мұраны насихаттау және жас ұрпаққа тағылым беру мақсатын тоғыстырған бұл шара көпшіліктің көңілінен шығып, ел жадында ұзақ сақталатын маңызды рухани оқиға болды.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»