Қарағандыда жол және коммуналдық инфрақұрылым жаңғыртылуда

Қарағандыда көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқын алып келеді. Биыл облыс орталығында құрылыс, қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстарымен 85 шақырымнан астам автомобиль жолы қамтылып, бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Солардың қатарында Тәттімбет пен Мұқанов көшелерінің қиылысындағы жол айрығын қайта жаңарту, Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты жалғайтын жаңа магистраль салу және жылу желілерін жаңғырту жұмыстары бар. Нысандардағы жұмыс барысын Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы барып көрді.

Тексеру барысында өңір басшысы алдымен Тәттімбет пен Мұқанов көшелерінің қиылысындағы жол айрығында болды. Мұнда көлік қозғалысын жеңілдету және кептелісті азайту мақсатында ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жоба аясында нөсер кәрізі жүйесі толық жаңартылып, қозғалыс жолақтарының саны көбейтілді. Сонымен қатар қосымша бұрылыс жолақтары мен солға бұрылатын арнайы бағыттар қарастырылған. Қазіргі уақытта бағдаршамдарды орнату аяқталуға жақын. Мамандардың айтуынша, барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін жаңартылған жол айрығы жақын күндері пайдалануға беріледі.

Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапановтың айтуынша, барлық жол құрылысы белгіленген стандарттарға сәйкес жүргізілуде.

– Жол құрылысының барлық кезеңінде бес сатылы сапа бақылауы жүргізіледі. Заманауи құрылыс материалдары қолданылып, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен бірлесіп зертханалық тексерулер ұйымдастырылған. Әрбір жоба тұрақты бақылауда, тұрғындардың ұсыныстары мен ескертулері де назардан тыс қалмайды, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.

Қаладағы ең ірі жол жобаларының бірі – Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты тікелей байланыстыратын жаңа магистраль құрылысы. Ұзындығы шамамен алты шақырым болатын жолдың 800 метріне асфальт төселіп үлгерген. Жоба төрт жолақты қозғалысты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар 15 су өткізу құбыры салынып, күрделі инженерлік жұмыстар атқарылуда.

Нысанда болған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жол құрылысы өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

– Жол мәселесі – тұрғындар ең жиі көтеретін мәселелердің бірі. Сондықтан жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл облыс бойынша ондаған шақырым жол жөнделіп, жаңа жолдар салынып жатыр. Бұл жұмыстар қала ішіндегі көлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, шағынаудандар арасындағы байланысты жақсартады. Барлық жобаның сапасы мен мерзімінде аяқталуы тұрақты бақылауда, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы жұмыс сапарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы бірқатар маңызды жобалардың орындалуымен де танысты. Биыл Қарағанды қаласының орталығындағы жылу құбырлары толық жаңартылып, тозығы жеткен инженерлік желілер кезең-кезеңімен ауыстырылуда.

Соның бірі – Жауынгер-Интернационалистер көшесі бойымен өтетін М-2 жылу магистралін қайта жаңғырту жобасы. Екінші жыл қатарынан жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында жалпы ұзындығы үш шақырымнан асатын құбыр желісі жаңартылды. Жобаны биыл толық аяқтау жоспарланған.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілуде. Қарағанды облысында жылу, су және кәріз желілерін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Сонымен қатар «Көгілдір тоғандар» шағынауданынан Үй құрылысы комбинатына дейінгі М-3 жылу магистралін жаңғырту басталды. Тозу деңгейі 70 пайызға жеткен ескі құбырлар заманауи жылу желілерімен ауыстырылып, жер астына салынады. Жоба Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жүзеге асырылуда және екі жылға жоспарланған. Биыл оның 1,5 шақырым бөлігін қайта жаңарту көзделген.

Мамандардың айтуынша, реконструкция аяқталғаннан кейін жылу энергиясының шығыны азайып, апаттық жағдайлар саны төмендейді. Ең бастысы, қала тұрғындары қыс мезгілінде тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етіледі.

Жалпы, Қарағандыда жүзеге асырылып жатқан жол және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобалары көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, инженерлік желілердің сенімділігін арттыруға, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»