Газдандыру жұмыстары қарқын алды

Қарағанды облысында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Биыл өңірде газ инфрақұрылымын дамытуға 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, жаңа газ тарату желілері салынып жатыр. Жыл соңына дейін тағы мыңдаған тұрғын табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, өңірде газдандыру жұмыстары бірнеше бағыт бойынша қатар жүргізілуде. Негізгі мақсат – тұрғындарды экологиялық таза отынмен қамтамасыз етіп, өмір сүру сапасын арттыру.

– Президент тапсырмасына сәйкес өңірде газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Биыл бұл мақсатқа 10 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылды. Қазіргі уақытта бірқатар қала мен елді мекенде жаңа газ тарату желілерінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін мыңдаған тұрғын табиғи газға қосылып, көгілдір отынның игілігін көреді. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі, – деді Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев.

Бүгінде өңірдегі ең ірі жобалардың бірі – Шахтинск қаласын газдандыру. Жоба аясында жалпы ұзындығы 233 шақырым газ тарату желісі салынып, 2 480 жеке тұрғын үй табиғи газбен қамтылады.

Сонымен қатар Ақтау және Ғабиден Мұстафин атындағы кенттерді газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар аяқталғаннан кейін аталған елді мекендердің тұрғындары да табиғи газды пайдалануға мүмкіндік алады.

Газдандыру ауылдық аумақтарды да қамтып отыр. Қазіргі уақытта Шет ауданын газдандыру жобасы әзірленуде. Жоба аясында төрт елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, 8 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынмен қамтылады. Жобаның жалпы құны 41 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі кезде оны қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Биыл сондай-ақ Саран қаласын, Ақтас және Дубовка кенттерін, сондай-ақ «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын газдандыру жобалары бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бұл жобалар жүзеге асқаннан кейін тағы 9,5 мыңнан астам абонент табиғи газға қосылады.

Мамандардың айтуынша, газдандыру жұмыстары тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға да ықпал етеді. Қатты отынды пайдалану көлемінің қысқаруы атмосфераға таралатын зиянды шығарындыларды төмендетуге мүмкіндік береді.

Өңірде газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстары алдағы жылдары да жалғасады. Жоспарланған жобалар толық іске асқаннан кейін табиғи газға қосылған елді мекендер саны артып, Қарағанды облысында көгілдір отынға қолжетімділік едәуір кеңеймек.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»