Қаңырап тұрған ғимараттың орнына шахмат академиясы салынуы мүмкін
Қарағанды қаласының орталығындағы ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған бұрынғы «Фирюза» кафесі орналасқан ғимараттың тағдыры шешімін табуға жақын. Гоголь көшесіндегі бұл нысан соңғы жылдары қаңғыбастардың мекеніне айналып, тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп келген еді. Әлеуметтік желілерде көтерілген мәселе мен тұрғындардың наразылығынан кейін қала әкімдігі нысанға қатысты нақты жоспарды жариялады.
Кезінде қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі болған ғимарат бүгінде әбден тозып, айналасы қоқысқа толған. Сынған терезелер мен қираған қабырғалар, ашық қалған кіреберістер бұл жерді балалар мен жасөспірімдер үшін де қауіпті аумаққа айналдырған.
Қала тұрғындары мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеді.
– Бұл жерге қаңғыбастар жиналады. Алдыңғы кіреберісті жауып тастағанымен, балалар ғимаратқа басқа жақтан кіріп жүр. Осындай қауіпті нысанды бұзып, оның орнына халыққа қажет ғимарат салынса жақсы болар еді, – дейді қала тұрғыны Рустам Абильдин.
Осы маңда тұратын тұрғындар да қираған ғимараттың қала келбетіне кері әсер етіп отырғанын айтады.
– Көшеміздің көркі кетіп тұр. Кешкі уақытта бұл жермен жүруден қорқамыз. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Бұл мәселе көптен бері шешімін табуы керек еді, – дейді тұрғын Галина Кучумова.
Тұрғындардың айтуынша, қараусыз қалған ғимаратқа балалар жиі кіріп, тіпті төбесіне шығып ойнайды. Бұл қайғылы жағдайларға себеп болуы мүмкін.
Әлеуметтік желілерде көтерілген мәселеден кейін Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов нысанның құқықтық мәртебесіне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, әкімдік бірнеше жылдан бері бұл ғимаратты коммуналдық меншікке қайтару үшін сот процестерін жүргізген.
Қала әкімінің мәліметінше, бастапқы сот инстанциясында әкімдік ұтылғанымен, кейін апелляциялық сот қала билігінің талаптарын қанағаттандырған. Сонымен қатар нысанға қатысты әр жылдары түрлі мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдары тарапынан 40-тан астам тыйым салу және шектеу шаралары қолданылған. Қазіргі уақытта ғимаратты коммуналдық меншікке қабылдау рәсімі аяқталуға жақын.
Әкімнің айтуынша, аталған аумақта әлеуметтік маңызы бар нысан салу жоспарланып отыр. Қазір белгілі қазақстандық шахматшымен осы жерде Шахмат академиясын ашу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Бұл бастама тұрғындар тарапынан қолдау тапты.
– Шахмат академиясының ашылғаны өте жақсы болар еді. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік туады. Мұндай орталықтар қалаға өте қажет, – дейді қарағандылық Радик Абдулин.
Ал қала тұрғыны Мария Штефанның пікірінше, мұндай орталықтың дәл осы жерде орналасуы ата-аналар үшін де қолайлы.
– Балалардың дамуына арналған орталықтың ашылуы – өте дұрыс шешім. Егер ол мемлекеттік негізде жұмыс істесе, көптеген отбасы үшін үлкен қолдау болады, – дейді ол.
Сонымен бірге тұрғындар қаладағы осындай қаңырап тұрған өзге ғимараттардың мәселесін де кезең-кезеңімен шешу қажеттігін айтып отыр.
Бүгінде бұрынғы «Фирюза» кафесінің орнына жаңа әлеуметтік нысан салу мәселесі нақты іске аса бастады. Алайда Гоголь көшесіндегі тағы бір қараусыз қалған бұрынғы боулинг ғимаратының болашағы әзірге белгісіз. Қала әкімдігі бұл нысан бойынша қандай шешім қабылданатыны туралы әзірге ақпарат таратқан жоқ.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

