Орталық саябақтағы ағаштар неге кесіледі?
Қарағанды қаласының Орталық саябағында жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары басталып, құрылыс аумағындағы ағаштарды кесу қолға алынды. Бұл мәселе тұрғындар арасында қызу талқыланып, қоғамда түрлі пікір туғызды. Қала билігі бұған дейін жасыл желекті сақтап қалудың балама жолдарын қарастырғанын айтқанымен, техникалық шешім ретінде магистральды бұрынғы бағытпен жүргізу жөнінде шешім қабылданды.
Мәселе 1972 жылы пайдалануға берілген М-2 жылу магистралін жаңғыртудың екінші кезеңіне қатысты. Өткен жылы жұмыстардың алғашқы кезеңі Жауынгер-Интернационалистер көшесі бойындағы бір шақырым учаскеде жүргізілсе, биыл тағы екі шақырымға жуық желіні ауыстыру жоспарланған. Оның бір бөлігі Орталық саябақ аумағы арқылы өтеді.
Қала әкімдігі көктемде өткен қоғамдық кездесулерде ағаштарды сақтап қалу үшін жобаны қайта қарау мүмкіндігін қарастырғанын мәлімдеген болатын.
– Бұл магистраль 1974 жылы тартылған кезде бұл аумақта ағаш болған жоқ. Бүгінде оның бойында ондаған жыл бойы өскен үлкен ағаштар қалыптасты. Біз жобаны қайта қарап, құбырды жол немесе тротуар астымен өткізу мүмкіндігін жан-жақты зерделедік, – деген еді бұған дейін Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов.
Әкімнің айтуынша, балама нұсқалар техникалық талаптарға сәйкес келмеген жағдайда ғана магистральды бұрынғы дәлізбен жүргізуге тура келетіні ескертілген.
– Егер жобаны өзгерту техникалық тұрғыдан мүмкін болмаса немесе мемлекеттік сараптаманы қайта өткізуді талап етсе, құрылыс қолданыстағы бағытпен жүзеге асырылады. Бұл жағдайда белгілі бір мөлшердегі ағаштарды кесуге тура келеді. Мұндай шешім тұрғындардың алаңдаушылығын туғызатынын түсінеміз, – деген болатын қала басшысы.
Жобаға жауапты «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС мамандарының айтуынша, магистральды жаңғырту – қала тұрғындарын тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін қажет.
Компанияның бас директоры Андрей Ляпуновтың айтуынша, ескі құбыр қазіргі жүктемеге сай келмейді.
– Бұрын бұл жерде диаметрі 200–250 миллиметрлік құбыр болған. Кейін ол 500 миллиметрге дейін ұлғайтылды. Енді 800 миллиметрлік жаңа құбыр төселеді. Бұл қаладағы жылу жүйесінің өткізу қабілетін арттыру үшін қажет. Өткен жылы күн күрт суытқанда кейбір шағынаудандардың соңғы үйлеріне қажетті температурадағы жылуды жеткізу қиын болды, – деді ол.
Магистраль арқылы мыңға жуық нысан, оның ішінде тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар мен басқа да әлеуметтік мекемелер жылумен қамтамасыз етіледі. Жалпы, бұл желіге ескі қала орталығы мен Михайловка ауданындағы 100 мыңға жуық тұрғын тәуелді.
Компания мәліметінше, құрылыс аумағында шамамен 80 ағаш кесілмек. Оның орнына өтемақы ретінде жаңа көшеттер отырғызу жоспарланған.
– Кесілетін ағаштардың орнына өтемақылық отырғызу жұмыстарын толықтай біздің кәсіпорын жүзеге асырады. Арнайы ұйыммен келісімшарт жасалып, көшеттер толық жерсінгенге дейін олардың күтімі қамтамасыз етіледі. Жаңа ағаштар экопарк аумағына отырғызылады, – деді Андрей Ляпунов.
Дегенмен тұрғындардың бір бөлігі бұл уәдеге күмәнмен қарайды. Олардың пікірінше, ондаған жыл бойы өскен ағаштардың орнын жас көшеттер қысқа мерзімде баса алмайды. Қоғам белсенділері өтемақы ретінде отырғызылатын ағаштардың нақты саны мен олардың күтімі қоғамдық бақылауда болуы қажет екенін айтып отыр.
Мамандар болса, инженерлік желілерді жаңғырту кейінге қалдырылса, алдағы жылдары апат саны артып, жылумен қамту сапасы төмендеуі мүмкін екенін алға тартады. Сондықтан бұл жоба – қала үшін маңызды инфрақұрылымдық шешімдердің бірі.
Осылайша Қарағандыда тағы бір күрделі таңдау жасалды: бір жағында – жарты ғасырлық жасыл желек, екінші жағында – жүз мыңнан астам тұрғынның қыс мезгіліндегі жылумен қамтамасыз етілуі. Ендігі басты мәселе – кесілген ағаштардың орнына уәде етілген көшеттердің уақытылы отырғызылып, толық күтімге алынуы.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»
