Автонарықтағы жаңа тәртіп: «сұр схемаларға» тосқауыл қойылады
Қазақстанда көліктерді заңсыз және талаптарға сай келмейтін жолдармен әкелуге қарсы бақылау күшейтіледі. 1 қыркүйектен бастап кедендік рәсімдер мен техникалық талаптардың сақталуына қатысты жаңа шаралар енгізіледі. Бұл қадам экологиялық нормаларға сәйкес келмейтін, құжаттары күмәнді немесе бақылаудан тыс әкелінетін көліктердің нарыққа шығуын шектеуге бағытталған.
Үкіметтің мәліметінше, көлік импортындағы «сұр схемалар» бюджетке түсетін төлемдерге ғана емес, тұтынушылардың қауіпсіздігіне де әсер етеді. Себебі мұндай жолмен әкелінген автокөліктердің техникалық жағдайы, шығу тарихы және кепілдік мәселелері әрдайым анық бола бермейді.
Жаңа талаптардың енгізілуі автокөлік нарығына қатысушылар арасында түрлі пікір туғызды. Кейбір сарапшылар бұл өзгерістер көлік сатып алушылардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді деп есептейді. Өйткені ресми емес жолмен әкелінген көлікке қызмет көрсету, қосалқы бөлшек табу немесе ақау шыққан жағдайда жауапты тұлғаны анықтау қиынға соғуы мүмкін.
Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, қазіргі таңда шетелден көлік әкелудің кейбір тәсілі мемлекет үшін тиімсіз және сатып алушы үшін тәуекелді болып отыр.
– Автокөлікті «сұр» жолмен әкелу кезінде сатып алушы мен сатушы арасында делдал компаниялар пайда болады. Олар белгілі бір қызмет көрсеткенімен, бұл үдерісте бюджетке түсетін кейбір төлемдерден тыс айналып өтетін жағдайлар кездеседі. Мұндай көліктерге кепілдік беру, жөндеу немесе кейінгі қызмет көрсету мәселелері де қиындық тудыруы мүмкін, – дейді автосарапшы.
Мамандардың пікірінше, мәселенің екінші жағы да бар. Қазақстандықтар шетелдік көлікті көбіне баға айырмашылығына байланысты өздері әкелуге тырысады. Себебі ресми дилерлер арқылы сатылатын көліктердің құны қосымша шығындар есебінен жоғары болуы мүмкін.
«AutoMotoLife-Караганда» қауымдастығының мүшесі Дмитрий Чаренцевтің айтуынша, жеке тұлға мен ресми дилер арасындағы шығын айырмашылығы кей азаматтарды балама жол іздеуге итермелейді.
– Жеке адам көлік әкелген кезде оның шығыны мен дилердің шығыны бірдей болмайды. Ресми компаниялар салық төлейді, қызметкерлерге жалақы береді, басқа да міндеттемелері бар. Сондықтан көліктің соңғы бағасында айырмашылық пайда болады. Осы теңсіздік сақталған жағдайда адамдар өзге жолдарды іздеуге тырысады, – дейді Дмитрий Чаренцев.
Сонымен бірге сарапшылар жаңа талаптардың тек бақылаумен шектелмей, автонарықтағы ашықтықты арттыруға бағытталуы қажет екенін атап өтеді. Автокөлік әкелу тәртібі түсінікті әрі қолжетімді болған жағдайда ғана заңды жолмен жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен тұтынушылардың мүддесі қорғалады.
Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоков болса, енгізіліп жатқан шаралардың нарыққа әсерін жан-жақты бағалау қажет екенін айтады.
– Нарықтағы өзгерістер тұтынушы үшін тиімді болуы керек. Егер талаптар тек шектеу қоюға бағытталса, бұл бәсекеге әсер етуі мүмкін. Сондықтан басты міндет – қауіпсіздік пен әділ бәсекені қатар қамтамасыз ету, – дейді Эдуард Эдоков.
Жаңа тәртіптің негізгі мақсаты – көлік айналымын заңдастыру, техникалық қауіпсіздікті күшейту және азаматтарды сапасыз әрі күмәнді көліктерден қорғау. Ал өзгерістердің нақты нәтижесі талаптардың қалай жүзеге асырылатынына байланысты болмақ.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

