Қала көркі ме, көлік кедергісі ме?

Қарағандыдағы Гапеев көшесінде қайта жөндеу жұмыстары тұрғындардың назарын аударды. Бұл жолы өзгеріс жолдың дәл ортасында жүргізіліп, бөлгіш сызық пен қоршау орнатылды. Алайда жаңа шешімге қатысты қала тұрғындары арасында сұрақ көбейді: жол не үшін тарылды, бұл аумақта не жоспарланып отыр және абаттандыру жұмыстары қалай аяқталады?

Қазір Гапеев көшесінің бойында құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жолдың ортасында пайда болған қоршау көлік қозғалысына әсер етіп, жүргізушілердің алаңдаушылығын тудырды. Ал бос тұрған бөліктің болашақта қалай пайдаланылатыны әзірге көпшілікке түсініксіз.

Тұрғындар мен мамандардың пікірінше, абаттандыру кезінде тек сыртқы көрініске емес, нысанның тиімділігіне де мән беру қажет.

– Бұл аумақта өсімдік отырғызу жоспарланса, алдымен топырақ қабатының жағдайын ескеру керек. Ескі асфальттың үстіне көгалдандыру жүргізу дұрыс нәтиже бермеуі мүмкін. Ағаш пен бұтаның тамырына жеткілікті орын қажет, – дейді агроном, қоғам белсендісі Сәкен Келдібаев.

Оның айтуынша, жол бойындағы кез келген өзгеріс қала инфрақұрылымының болашағын ескере отырып жасалуы тиіс. Себебі бұл – көлік қозғалысы жоғары учаскелердің бірі.

Кейбір тұрғын да жаңа шешімнің тиімділігіне күмән келтіреді. Олардың пікірінше, көлік саны артып жатқан кезде жолды тарылту кептеліс мәселесін күрделендіруі мүмкін.

– Жолдың бұрынғыдан тарылғаны байқалады. Қандай мақсатпен мұндай шешім қабылданғаны түсініксіз. Қаладағы негізгі бағыттардың бірі болғандықтан, мұнда қозғалысқа ыңғайлы жағдай жасалуы керек еді, – дейді қала тұрғыны Айдана Нариманова.

Ал мамандардың тағы бір алаңдайтын мәселесі – болашақ күтім жұмыстары. Жол жиегіндегі жаңа құрылымдар қыс мезгілінде қар тазалау, ал жазда суару сияқты қосымша міндеттерді талап етуі мүмкін.

Гапеев көшесіндегі өзгерістер бұған дейін де қоғам талқысына түскен еді. Енді тұрғындар жаңарған аумақтың нақты жоспары мен соңғы нәтижесін күтуде. Қала билігі бұл жұмыстардың толық тұжырымдамасы алдағы таныстырылым барысында көрсетілетінін хабарлады.

Абаттандырудың басты мақсаты – қаланың көркін арттыру ғана емес, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Сондықтан мұндай жобаларда ашық жоспарлау мен қоғамдық пікірді ескеру маңызды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»