Орталық саябақтағы табиғат феномені
Қарағандының Орталық саябағында көпшілік біле бермейтін ерекше табиғи құбылыс бар. Бір тамырдан бірнеше дің болып тараған алып терек ондаған жыл бойы саябақтың сәнін келтіріп тұр. Мамандардың пікірінше, мұндай сирек кездесетін ағаш табиғи мұра ретінде қорғауға лайық.
Кейде ерекше дүниелер көз алдымызда тұрса да, оған назар аудармай өтіп кетеміз. Орталық саябақтағы алып терек те ұзақ уақыт бойы көпшілік назарынан тыс қалған. Ал бүгінде ол қала тұрғындарының қызығушылығын тудырып, табиғаттың ерекше туындысына айналып отыр.
Ағаштың басты ерекшелігі – бір ғана тамыр жүйесінен бірнеше мықты діңнің өсіп шығуы. Қазір нақты саны әртүрлі айтылғанымен, шамамен 13 дің бар екені байқалады. Бір тамырдан тараған теректер аспанға ұмтылған алып бұтақтар секілді көрінеді.
Бұл табиғи құбылысты алғаш байқағандардың бірі – Қарағанды қаласының тұрғыны Виктор Давыденко. Ол саябақпен талай рет жүргенімен, ерекше ағашқа жақында ғана назар аударғанын айтады.
– Біздің саябағымызда осындай алып әрі ерекше ағаш бар екеніне қуанып тұрмын. Бір тамырдан 13 дің өсіп шыққан сияқты. Бұл маған Түркіменстандағы Фирюза қалашығында көрген ағашты еске салды. Ол жерде «Жеті ағайынды мен қарындасы» деп аталатын табиғи нысан бар. Балалық шағымда сол ағаштың жанында суретке түскен едім. Енді Қарағандыдан да сондай бір ғажайыпты көріп тұрмын, – дейді Виктор Давыденко.
Түркіменстандағы әйгілі «Жеті ағайынды мен қарындасы» ағашы көптеген турист баратын табиғи көрікті орындардың бірі саналады. Аңыз бойынша, жеті ағайынды мен олардың қарындасы жаулармен шайқаста қаза болған жерде осындай ерекше ағаш өсіп шыққан деседі.
Ал Қарағандыдағы теректің ерекшелігі – оның діңдерінің көптігінде. Кей тұрғындар санап көргенде бірде 13, бірде 14 дің байқалатынын айтады.
– Жапониядағы тас бақтарында әр тастың артынан тағы бір тас көрінетіні сияқты, мұнда да нақты санын анықтау қиын. Қайта-қайта санап көрдік, бірде 13, бірде 14 болып шығады. Бірақ бастысы – оның сирек кездесетін табиғи құбылыс екенінде, – дейді Виктор Давыденко.
Эколог мамандардың айтуынша, мұндай жағдай теректердің биологиялық ерекшеліктерімен байланысты. Теректердің жер бетіне жақын орналасқан қуатты көлденең тамырлары болады. Белгілі бір жағдайларда сол тамырлардан жаңа өркендер өсіп, бірнеше дің қалыптасуы мүмкін.
Қарағанды Экомузейінің маманы Ирина Игнатович бұл ағаштың табиғи құндылығы жоғары екенін атап өтті.
– Бірнеше онжылдық тарихы бар бұл алып ағаш сөзсіз қорғауды қажет етеді. Қаладағы ерекше ағаштарды анықтап, оларды сақтау маңызды. Бұған дейін де тұрғындар ерекше қайыңдар мен алып теректерді ұсынған болатын. Менің ойымша, бұл ағаш та Қарағандының сақталуы тиіс табиғи нысандарының қатарына ене алады, – деді Ирина Игнатович.
Маманның айтуынша, әлемнің көптеген елдерінде ерекше ағаштар туристік орынға айналып, сол жердің тарихымен байланысты құндылық ретінде сақталады. Мұндай нысандар балаларға табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру үшін де маңызды.
– Бұл ағашты туристерге көрсетуге болады. Оны мектеп оқушыларына таныстырып, экологиялық экскурсиялардың бір бөлігіне айналдыру қажет. Балалар өз қаласының табиғи ерекшеліктерін білгені дұрыс, – дейді эколог.
Қала тұрғындары да ерекше ағашты абаттандырып, айналасын ретке келтіріп, арнайы қорғауға алу туралы ұсыныстарын білдіруде.
– Мұндай әдемі ағашты сақтап, айналасын көріктендіріп, адамдар тамашалай алатындай жағдай жасауға болады. Бұл саябақтың тағы бір ерекше орнына айналар еді, – дейді тұрғындар.
Қарағандыдағы бұл терек – табиғаттың адам қолынан тыс жасаған ерекше туындысы. Бір тамырдан тараған бірнеше діңді алып ағаш енді тек саябақтың бір бөлігі емес, қаланың табиғи символдарының біріне айналуы мүмкін.
Табиғаттың мұндай сыйын сақтау – өткенге құрмет, келешек ұрпаққа аманат.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

