Қалыпты өмірге қадам

Қарағанды қаласында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу, тұрақты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіруге арналған «Жарқын болашаққа бастар жол» облыстық форумы өтті. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған маңызды алаңда мемлекеттік органдар, прокуратура, қылмыстық-атқару жүйесі, жұмыспен қамту саласының мамандары, жұмыс берушілер мен үкіметтік емес ұйымдар бас қосып, бұрын сүрінген азаматтардың қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік беретін нақты тетіктерді талқылады. Форумның басты мақсаты – пробациядағы азаматтарды белсенді жұмыспен қамту шараларына тарту, кәсіптік оқыту, әлеуметтік қолдау көрсету және қайталама құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы өзара іс-қимылды күшейту.

Бүгінде қылмыстық-атқару жүйесінің негізгі ұстанымы – жазалау емес, адамның түзелуіне жағдай жасап, оны қоғамға қайта қосу. Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған құқықтық саясаттың басымдықтарының бірі болып саналады. Сондықтан пробация қызметінің тиімділігі тек бақылаумен емес, азаматтың жаңа өмір бастауына мүмкіндік жасауымен өлшенеді.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл жұмыстың әлеуметтік маңызын ерекше атап өтті.

– «Жарқын болашаққа бастар жол» форумы пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу мәселелерін талқылап, осы бағыттағы өзара іс-қимылды жетілдіруге арналған маңызды алаң. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде қылмыстық-атқару жүйесінің басты мақсаты жазалау емес, адамның түзелуіне және қоғамға қайта оралуына мүмкіндік беру екенін нақты айтты. Сондықтан жұмыспен қамту мен әлеуметтік бейімдеу мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала береді. Біздің мақсатымыз – әр азаматтың қоғамнан өз орнын тауып, адал еңбек арқылы жаңа өмір бастауына жағдай жасау. Бұл бағытта өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр, – деді облыс әкімі.

Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижесін беріп келеді. Жыл басынан бері облыста 650-ге жуық жұмыс берушінің қатысуымен 60 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Облыс әкімінің қаулысымен пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды еңбекке тарту мақсатында 146 жұмыс орнына арнайы квота белгіленді. Сонымен қатар өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 539 азаматқа жалпы сомасы 47 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл қолдау шаралары азаматтардың еңбек нарығына бейімделуіне ғана емес, тұрмыстық мәселелерін шешуге де мүмкіндік беріп отыр.

Форум барысында Қарағанды облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұржан Сыздықов жұмыспен қамту жүйесінің тиімділігіне тоқталды.

– Пробация қызметіндегі азаматтарды жұмысқа орналастыру – тек бос жұмыс орнын ұсыну ғана емес, адамның қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау. Бүгінде жұмыс берушілер бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа қабылдап қана қоймай, олардың жаңа ортаға бейімделуіне қолдау көрсетуде. Олар психологиялық сүйемелдеуден бастап, әлеуметтік мәселелерді шешуге дейін жан-жақты көмек алады. Ең бастысы – азаматтың тұрақты табыс тауып, өз өмірін жаңадан бастауына мүмкіндік беру, – деді Нұржан Сыздықов.

Форум аясында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде түрлі кәсіпорын жұмыс ұсынып, қатысушыларға құқықтық кеңес беріліп, кәсіптік оқуға жолдамалар табысталды. Мамандардың айтуынша, қазіргі еңбек нарығында техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары.

Бұл туралы Мансап орталығының маманы Айгерім Дауталиева айтты.

– Бүгінде еңбек нарығында техникалық бағыттағы мамандарға сұраныс тұрақты өсіп келеді. Кең бейінді жұмысшылар, слесарьлар, электргазбен дәнекерлеушілер, өндіріс операторлары сияқты кәсіптер бойынша бос жұмыс орындары жеткілікті. Сондықтан пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қысқа мерзімді оқытуға, жаңа мамандық игеруге және тұрақты жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жұмысқа орналасқан адамның қоғамға қайта бейімделуі әлдеқайда жеңіл өтеді, – деді маман.

Осындай қолдаудың нақты нәтижесін сезінгендердің бірі – Олжас. Ұрлық жасағаны үшін екі жарым жылға сотталған азамат бүгінде нан өнімдерін шығаратын кәсіпорында ораушы болып еңбек етеді. Айтуынша, пробация қызметі мен мансап орталығы алғашқы күннен бастап қолдау көрсеткен.

– Қазір тұрақты жұмысым бар. Еңбекақымды уақытында аламын, бәрі заңды түрде рәсімделген. Зейнетақы аударымдары жүргізіледі. Пробация қызметі мен мансап орталығы жұмыс іздеу кезінде жанымнан табылып, бірден жұмысқа орналастыруға көмектесті. Ең бастысы – өзіңнің де өмірді өзгертемін деген ниетің болуы керек. Қазір болашағыма сеніммен қараймын, – дейді ол.

Форумда сөз сөйлеген Қарағанды облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев пробация жүйесінің басты мақсаты адамның тағдырына оң өзгеріс әкелу екенін айтты.

– Бүгін біз заң талаптарының орындалуын ғана емес, кезінде қателескенімен өмірін өзгертуге дайын адамдардың тағдырын талқылап отырмыз. Пробация – мемлекеттің адамға деген сенімі әрі оған берілген екінші мүмкіндік. Ол азаматқа отбасын сақтап қалуға, еңбек етіп, қоғамдағы өз орнын табуға жол ашады. Өкінішке қарай, бұл мүмкіндікті бәрі бірдей тиімді пайдалана алмайды. Биылдың өзінде пробация қызметінің есебінде тұрған жүзден астам адам сот талаптарын бұзғаны үшін қайтадан бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді. Бұл жай ғана статистика емес. Әрбір санның артында адам тағдыры, отбасының үміті және жіберіп алған мүмкіндік тұр. Мемлекет мүмкіндік береді, ал оны тиімді пайдалану – әр адамның өз жауапкершілігі, – деді облыс прокуроры.

ҚР Бас прокуратурасының Екінші қызметінің бастығы Мұрат Ахметов еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінде жүргізілген реформалардың нәтижесіне тоқталды.

– Соңғы жылдары елімізде ауқымды құқықтық реформалар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 1990-жылдары 95 мыңға жуық болған сотталғандар саны бүгінде 38 мыңға дейін азайды. Он төрт түзеу мекемесі жабылды. Бұған қылмыстық заңнаманы ізгілендіру және әлеуметтік бағдарламаларды жүйелі іске асыру ықпал етті. Ендігі міндет – жазасын өтеп шыққан азаматтардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу. Ол үшін жұмыспен қамту, әлеуметтік бейімдеу және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы шешуші рөл атқарады, – деді ол.

Өңірде пробация қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 254 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Соның арқасында құжаттарды қалпына келтіру, медициналық ұйымдарға тіркеу, психологиялық көмек көрсету, тұрмыстық және тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша жұмыстардың тиімділігі артты.

Форум қорытындысында қайта әлеуметтендіру жөніндегі бірлескен шаралар жоспары бекітіліп, мемлекеттік органдар, жұмыспен қамту ұйымдары мен бизнес қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту, кәсіптік даярлау және әлеуметтік қолдау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруға мүмкіндік береді.

Қоғамның қауіпсіздігі тек құқық бұзушылықтың алдын алумен ғана емес, адамның өмірін өзгертуіне мүмкіндік беретін қолдау жүйесінің тиімділігімен де өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда Қарағандыда өткен «Жарқын болашаққа бастар жол» форумы пробациядағы азаматтарды қалыпты өмірге қайта бейімдеу, олардың еңбек етуіне жағдай жасау және әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы мемлекеттік саясаттың нақты көрінісіне айналды. Тұрақты жұмыс, кәсіби білім, әлеуметтік сүйемелдеу және қоғамның сенімі – адамның жаңа өмір бастауына жол ашатын ең маңызды факторлар. Сондықтан пробация жүйесін дамыту, жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту және кешенді әлеуметтік қолдау көрсету алдағы уақытта да өңірдегі құқық бұзушылықтың алдын алудың әрі қоғамдық тұрақтылықты нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі болып қала бермек.

Ералы ҒАНИ,

«QH»