Тәуелсіздік құрдасы болу — жауапкершілік

Ел намысын ешбір жауға бермей әрі қарай дамыту азат ұрпақтың қолында. Ол үшін ақпарат айдынында алға шығып дербестігімізді сақтаудың маңызы зор. Тәуелсіздіктің төл құрдасы Жанбота Рахметолла осы жолды таңдаған. Аймақтық «SARYARQA» телеарнасы жаңалықтар қызметінің редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, телевизия тарланы Нұртілеу Иманғалиұлының шәкірті журналистік жолы туралы сыр шертті.

– Журналистикаға қалай келдіңіз? Ата-анаңыз таңдауыңызға қарсылық білдірмеді ме?

– Ата-анамның тарапынан қолдау болмаса, қарсылық болған жоқ. Тележүргізуші болу – балалық арманым. Осы бала-қиял ұлы мұратқа ұласты. Кішкене күнімнен көгілдір экранға, қазақ телевизиясының тарланы Нұртілеу Иманғалиұлына қарап бой түзедім. «Бетпе-бет», «Көршілер», «Қолтаңба» сынды бағдарламаларын үзбей көретінмін. Тіпті жәшікті теледидар етіп, Нұртілеу ағаның дикциясына салып хабар жүргізіп ойнайтынмын.

– «Барша әулетке – бақ-дәулет!» деген ұстанымыңызға түсінік беріп өтсеңіз?

– «Өлермендікпен өнер жасалмайды. Негізі, өнердің өзі еліктеуден бастау алады» дейді ғой. Мен қанша еліктеп, тыраштанғаныммен, Нұртілеу ағаны қайталай алмаймын. Өйткені ол – қазақ журналистикасына құбылыс әкелген тұлға. Сол себепті әр адамның өзіндік қолтаңбасы, өзінің ұстанымы болуы шарт. Көрерменімді бір ауыз сөзбен жігерлендіру үшін «Барша әулетке – бақ-дәулетті» ұстаным еттім.

– Қазақстан Журналистер одағының мүшесісіз. Басқа да жетістіктеріңіз аз емес. Дегенмен өзіңіз шын мақтанышпен айта алатын жетістігіңіз қандай?

– Адам «болдым, толдым» деген күні таусылады. Абай атамыздың «Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда?» деген сөзі бар ғой. Өз басым алдамшы баққа, арзан атаққа масаттанбаймын. Адам бойынан ең әуелі қарапайымдылық қасиетін бағалаймын. Мансап, жетістік – қолдың кірі. Десе де, сұрағыңызды жауапсыз қалдырмайын: мен үшін ең үлкен жетістік – «Нұртілеу Иманғалиұлының шәкірті» деген ат.

– Қазіргі тележурналистикаға көңіліңіз тола ма?

– Біз әлі даму үстіндеміз. Қазіргі телевизияны «өмір айнасы» деп айта алмаймын. Осыдан он жыл бұрынғы телевизия мен бүгінгінің арасы жер мен көктей. Ол уақытта көрерменде талғам, телеарналарда ұлттық сананы оятатын дүниелер бар еді. Ал бүгін, өкінішке қарай, рейтинг қуған көгілдір экран бетінде парықсыз шоу-бағдарламалар қаптап кеткен. Теледидардың тәрбие құралы екендігін есте ұстауымыз қажет. Өзім қызмет етіп жүрген саланың бұлай құлдырауы – мен үшін де ұят.

– «Журналистиканы арнайы мамандық ретінде оқудың қажеті жоқ» деген пікірлер көп айтылады. Сіздің ойыңыз?

– Журналистика – жан қалауы. Сөздің парқын, салмағын, құдіретін түсінетін жан тележүргізуші бола алады. Ал репортаж жазу, сюжет түсіру деген – бөлек дүние. Өйткені сюжетке мәтін жазғанда ақпаратқа объективті тұрғыда қарау керек, эмоцияға жол берілмеуі тиіс.

 – Журналист өз материалында өзгелерді сынайды. Өзіңіз сын көтере аласыз ба?

– «Сын түзелмей, мін түзелмейді» ғой. Орынды сынды қабылдаймын, көтеремін, мінімді түзетуге тырысамын. Ал орынсыз айтылған сын-пікірге мән бермеймін. Сана, өр биігінен түсіп айтылған ойға салқындылықпен қараймын.

– Еңбек жолыңызды неліктен телевизия саласынан бастадыңыз?

– Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін 2012 жылы бітіріп, қолыма дипломымды ала сала тележүргізуші болған жоқпын. Оқу бітірген жылы әкеммен бірге ауылдан келе жатқан жолда бір ұйымға баспасөз хатшысының қызметіне шақырту алдым. Ол кезде жұмыс табу қиын, орын аз болатын. Сүйінші жаңалықты естіп, шақырған орынға жетіп барғым келді. Тек әкемнің «Көгілдір экран бетіне шықпасаң, журналист болмай-ақ қой» деген сөзі тоқтатты. Сол сәтте есімді жиып, әкемнің кешірімі мен батасын алып телеарнаға келдім. Алғашқы уақытта экранның бергі жағында монтажбен айналыстым. Кейін әріптестерімнің мәтін жазуына, аудармаларына көмек көрсетіп көзге түстім. Сол кездегі шеф-редактор Айзада Оразханқызы жазу қабілетімді байқап, журналист қызметіне ауыстырды.

– Әкеңіздің ықпалын атап өттіңіз. Қандай сөзі әрдайым жадыңызда?

– «Қарапайым бол. Адалдық қалпыңды, азаматтық салтыңды жоғалтпа» деп жиі айтатын. Атам Рахметолла Ұлы Отан соғысының ардагері болса, әкем Сүндетолланы еңбек майданының батыры дер едім. Тоқсаныншы жылдардың өте қиын кезең болғаны белгілі. Сол уақытта әкем белді бекем буып, жеңді түріп, балаларын біреудің қолына қаратпас үшін мал баққан. Ол үшін бір айда елу теңге ғана алатын. Екінші сыныптан бастап әкемнің жанында, мал басында жүрдім. Әкемнің шілденің шіліңгір ыстығы мен Арқаның аязына қарамай біз үшін еткен еңбегін, төккен терін бағалаймын.

– Ал сіз қандай әкесіз?

– Мен атам мен әжемнің тәрбиесін көргенмін. Әжем – орыс қызы. Екеуі соғыста танысқан. Атам ерте қайтып кетсе де, Ольга әжеміз он баланы жалғыз өзі ешкімге жалтақтатпай өсірді. Атаәженің тәрбиесін ешбір мектеп, жоғары оқу орны бере алмайды. Ата-әже терапиясы бүгінгі ұрпаққа ауадай қажет. Өз балаларыма мейлінше осы дүниені беруге тырысамын. Демалыс күндері ертегі оқып беремін. Бала тәрбиесі – өз болашағыңа инвестиция. Бірақ қатал емеспін. Себебі айналамдағыларға қолымнан келгенше мейірімділік көрсетуге, қол ұшын созуға тырысамын.

– Журналистикаға деген махаббатыңыз ерекше. Алайда осы таңдауыңыз үшін өкінген кезіңіз болды ма?

– Мені бір ғана дүние қынжылтады. Телевизия уақытты жұтып қояды екен. Эфир уақыты, жарнама уақыты – бәрі-бәрі өлшеулі. Көз алдыңда секундтар сырғып жатады. Уақытпен жүріп-тұратын жерде он жылдың қалай өте шыққанын білмеймін.

Техника заманына тап болғаным да қатты алаңдатады. Бұрын көп кітап оқитынмын. Қазір, сылтау шығар, уақыттың тапшылығынан не күйбең тірліктің кесірінен бұл іс те ұмытылып барады. Гаджеттерден алшақтап, кітапқа деген қызығушылығымды қайта оятқым келеді.

– Кітап деп қалдыңыз. Соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз?

– «Абай жолы». Қайталап оқи беремін. Әр оқығанда романды әр түрлі түсінемін, Абайды басқа қырынан танимын.

– Алдағы уақытта көрерменді немен қуантасыз? Қандай жоспарларыңыз бар?

– Телеарнада он жылдан бері қызмет етіп келемін. Жоғары оқу орнын тәмамдарда дипломдық жұмысымда Нұртілеу Иманғалиұлының бағдарламаларының тілдік, стильдік ерекшеліктерін зерттедім. Келешекте осы зерттеуді жалғастырып, ғылымға бет бұрғым келеді. Қазақ журналистикасы, оның ішінде телевизия саласын зерттеу ісі кенжелеп қалғаны жасырын емес. Жас журналистерге білім беруде санаулы ғалымдардың ғана еңбектері қолданылады. Ал кейінде бұл саланы зерттеп, жазып жүргендердің саны саусақпен санарлықтай. Өзім қолыма диплом алған сәттен бастап телевизияның ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрмін. Алдыңғы буын ағалардың тәлім-тәрбиесін алдық. Ендігі міндет – соңымнан ерген бауырларыма жөн сілтеп, олардың шыңдалуына көмек көрсету. Адам қанша жыл өмір сүрсе, сонша жыл ізденуі керек қой. Сондықтан да іздене жүріп өсуді, білгенімді өзгемен бөлісуді қалаймын. Яғни тек журналист ретінде халыққа соңғы жаңалықтарды хабарлаумен ғана шектеліп қалмай, осы саланы ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеу.

– Бір сұхбатыңызда «Тәуелсіздік құрдасы болу – жауапкершілік» депсіз. Басқа уақытта туғанда сізге артылған жүк пен жауапкершіліктің салмағы азаяр ма еді?

– Тәуелсіздік – бабалар арманы. Егемендікті еңселету жолында Елбасымыз ерен еңбек сіңірді. Бұл – жеке басқа табынушылық емес. Мұны ешкім де жоққа шығара алмайды. Өйткені отыз жыл ішінде жас мемлекетті аяғына тұрғызу екінің бірінің, егіздің сыңарының қолынан келе бермейді.

Тәуелсіздіктің күші балта басы бұза алмайтын бірлігінде, дақ түспейтін достығында, тұтас татулығында. Сондықтан біз тәуелсіз елдің ұрпақтары, құрдастары болғандықтан, бұл ұғым үлкен жауапкершілік жүктейді. Менің ойымша, азат елдің ұландарының қай кезеңде туса да, қателесуге хақы жоқ. Өзім біреуден ілгері, біреуден кейін, қазақ елінің өсіп-өркендеуі үшін тамшыдай болсын үлес қосу жолында еңбек етудемін.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА