Медиация – заң мен тәртіптің тиімді тетігі

Қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтардың құқықтарын қорғауда дау-дамайды сотқа дейін шешудің маңызы артып келеді. Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінде өткен «Медиация – дау-дамайдың алдын алу құралы» тақырыбындағы дөңгелек үстелде осы мәселе жан-жақты талқыланды. Іс-шара Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталды.

Басқосуға сот жүйесінің, прокуратураның, полицияның, Әділет департаментінің, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының, білім беру ұйымдарының, қоғамдық кеңестер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Кездесудің негізгі тақырыбы – медиация институтының мүмкіндіктерін кеңейту, әсіресе кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және отбасылық даулардың алдын алу болды.

Қазыбек би атындағы ауданның әкімі Ералы Оспанов медиация бүгінде азаматтық, әкімшілік және қылмыстық құқық салаларында тиімді қолданылып келе жатқанын айтып, оның қоғамдағы рөлі жыл сайын артып отырғанын атап өтті.

– Бүгін біз дау-дамайдың алдын алу шараларын дамыту мәселесін талқылау үшін жиналдық. Қазақстанда «Медиация туралы» заңның қолданыста болғанына он бес жылдан асты. Бүгінгі кездесуде кәмелетке толмағандарға қатысты дауларды шешудің тиімді тетіктеріне ерекше назар аударып отырмыз, – деді Ералы Оспанов.

Жиында медиацияның тек сот жүктемесін азайтатын құрал ғана емес, қоғамдағы өзара сенім мен құқықтық мәдениетті қалыптастыратын маңызды институт екені айтылды. Қатысушылардың пікірінше, келіссөз арқылы қол жеткізілген шешім екі тарап үшін де тиімді әрі ұзақ мерзімді нәтижеге жеткізеді.

Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Советхан Смағұлов медиацияның құқықтық жүйедегі орны жылдан-жылға нығайып келе жатқанын жеткізді.

– Медиация азаматтық, әкімшілік және қылмыстық құқық салаларын түгел қамтиды. Оның ішінде ювеналды әділет жүйесінде де тиімділігі дәлелденіп отыр. Бұл институт толық қалыптасқанымен, оны одан әрі дамыту қажет. Медиацияның басты ерекшелігі – мұнда жеңілген немесе жеңген тарап болмайды, екі жақтың да мүддесін ескеретін ортақ келісімге қол жеткізіледі, – деді Советхан Смағұлов.

Дөңгелек үстелде балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Сарапшылардың айтуынша, мектептегі буллингтің алдын алу, отбасылық жанжалдарды реттеу және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесуде медиацияның әлеуеті жоғары.

«Право» қоғамдық қорының жетекшісі Ольга Рыль құқықтық сауаттылықты арттыруда кәсіби медиаторлардың рөлі ерекше екенін атап өтті.

– Медиация – өмірдің барлық саласын қамтитын құқықтық институт. Сондықтан оның қалай жұмыс істейтінін қоғам жақсы білуі керек. Сонымен қатар медиаторлардың кәсіби даярлығы мен біліктілігі жоғары болуы маңызды, өйткені адамдардың тағдыры мен құқықтары осы мамандардың жұмысына тікелей байланысты, – деді Ольга Рыль.

Практикалық тәжірибе де медиацияның тиімділігін көрсетіп отыр. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспектор Айым Әбдірахманова күнделікті қызмет барысында бұл тәсілдің оң нәтижесін көріп жүргенін айтты.

– Шағын жанжалдардың өзінде медиация тетіктерін пайдалану арқылы жасөспірімдер мен олардың заңды өкілдерін татуластыруға мүмкіндік бар. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, тараптардың өзара түсіністікке келуіне ықпал етеді, – дейді Айым Әбдірахманова.

Шара барысында медиацияны сот тәжірибесінде кеңінен қолдану, прокуратураның құқық бұзушылықтың алдын алудағы рөлі, отбасы институтын нығайту, білім беру ұйымдарындағы жанжалдарды шешу тетіктері және мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын жетілдіру мәселелері қаралды.

Жиын қорытындысында арнайы резолюция қабылданып, татуластыру рәсімдерін одан әрі дамытуға, отбасы құндылықтарын нығайтуға, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған ұсыныстар енгізілді.

Бүгінде медиация – тек дауды шешудің баламалы жолы ғана емес, қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыратын, азаматтардың өзара жауапкершілігін арттыратын маңызды институтқа айналып келеді. Қарағандыда өткен бұл басқосу мемлекеттік органдар, сот жүйесі мен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысы «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтып, құқықтық мемлекет қалыптастырудың тиімді тетігі екенін тағы бір мәрте көрсетті.

 

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»