Қоғамдық қауіпсіздік – басты назарда

Қарағанды қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта Қарағанды қаласы Полиция басқармасына қарасты Әлихан Бөкейхан атындағы полиция бөлімінің көші-қон қызметі шетел азаматтарының ел аумағында болуына тұрақты бақылау жасап, көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда.

Есепті кезеңде полиция бөлімінің қызмет көрсету аумағында 388 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынды. Қазақстан Республикасына келген барлық шетел азаматтары «Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы тексеріліп, олардың ел аумағында болуы қолданыстағы заң талаптарына сәйкес бақылауға алынады. Уақытша тіркелгендердің басым бөлігін Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары құрайды.

Көші-қон қызметінің мамандары шетел азаматтары мен оларды қабылдаушы тұлғалар арасында көші-қон заңнамасының талаптарын түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Бұл алдын алу шаралары құқық бұзушылықтардың алдын алып, заң талаптарының сақталуына ықпал етеді.

Есепті кезеңде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабы бойынша 104 шетел азаматы, 518-бабы бойынша 70 Қазақстан Республикасының азаматы, ал 519-бабы бойынша 17 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар заң талаптарын өрескел бұзған үш шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды.

Қазіргі уақытта Әлихан Бөкейхан атындағы полиция бөлімінің қызмет көрсету аумағында 911 адам тұрақты есепте тұр. Оның ішінде 792 шетел азаматы, 34 азаматтығы жоқ тұлға және 85 этникалық қазақ бар.

Заңсыз көші-қонның алдын алу және құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында көші-қон қызметі «Мигрант», «Нелегал» жедел-профилактикалық іс-шараларына, сондай-ақ республикалық және жергілікті деңгейде өткізілетін рейдтерге тұрақты қатысады. Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, шетел азаматтарының нақты тұрғылықты жері, тіркелуі және Қазақстан Республикасынан уақытылы шығуы тұрақты бақылауға алынады. Еңбек көші-қоны және көші-қон заңнамасының талаптары жөнінде тұрғындар мен шетел азаматтарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да үздіксіз жүргізілуде.

– Көші-қон заңнамасының сақталуы – қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды бағыты. Сондықтан біздің қызметкерлер шетел азаматтарының ел аумағында заң талаптарын сақтауын тұрақты бақылауда ұстайды. Алдағы уақытта да профилактикалық жұмыстар мен рейдтік іс-шаралар жалғасып, заң талаптарының мүлтіксіз орындалуына баса назар аударылады, – дейді Әлихан Бөкейхан атындағы полиция бөлімінің бастығы Арман Меллятов.

Көші-қон саласындағы жүйелі бақылау мен профилактикалық жұмыстар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, заңсыз көші-қонның алдын алуға және Қарағанды қаласындағы құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған. Осы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты жалғасады.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»