Пластикке – сыйлық, табиғатқа – қамқорлық

Қарағандыда «Заң мен тәртіп» идеологиясы және «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған ECO FEST экологиялық фестивалі тұрғындарды табиғатты қорғауға үндеп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлесін қосуда. Бұл жолы фестиваль Пришахтинск кентінде өтіп, жүздеген тұрғынды ортақ іске жұмылдырды.

Таңертеңнен бастап «Жастар» мәдениет үйінің алдына балалар, жастар және ата-аналар қолдарына пластик бөтелкелер мен алюминий құтыларын алып жиналды. Әдетте қоқысқа тасталатын пластик бұл күні бағалы «валютаға» айналды. Ұйымдастырушылар қайта өңдеуге тапсырылған бөтелкелердің санына қарай қатысушыларға түрлі сыйлықтар әзірледі. Бес бөтелке өткізгендер балмұздақ алса, он бөтелке тапсырғандарға хайуанаттар бағына немесе балалар теміржолына жолдама берілді. Ал елу бөтелке жинағандар кинотеатрға билет иеленді.

Фестиваль аясында тұрғындар тұрмыстық пластик қалдықтарын арнайы қабылдау орындарына өткізіп, оларды қайта өңдеуге жолдады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, іс-шара барысында 8 мыңнан астам балмұздақ таратылып, кинотеатрға, хайуанаттар бағына және Қарағандының Орталық саябағындағы балалар теміржолына мыңға жуық билет үлестірілді.

Экологиялық акциямен қатар қатысушылар үшін «Қаладағы заң мен тәртіп» атты танымдық квест ұйымдастырылды. Оның басты кейіпкері Конституцияның символдық бейнесі саналатын Парасат үкісі болды. Квест барысында жастар экология, қоршаған ортаны қорғау, заң талаптарын сақтау және азаматтық жауапкершілікке қатысты түрлі тапсырмаларды орындады.

– Экофестиваль – жай ғана экологиялық акция емес. Бұл жастарға туған қалаға жанашырлық әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын көрсететін алаң. Қайта өңдеуге тапсырылған әрбір пластик бөтелке – Қарағандының экологиялық болашағына қосылған нақты үлес. Таза қала – бәрімізге ортақ іс, – дейді Жастар ресурстық орталығы жетекшісінің міндетін атқарушы Заңғар Серіков.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ECO FEST Қарағандыда үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Мұндай бастамалардың басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаны қорғауға белсенді тарту. Бұған дейін Майқұдықта ұйымдастырылған осындай акциядан кейін көшелердегі пластик қалдықтардың азайғаны байқалған.

Экологиялық фестиваль тұрғындардың белсенділігі жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті. Қарағандылықтар табиғатты қорғау тек сенбілікке шығумен шектелмейтінін, қарапайым тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге өткізу арқылы да туған қаланың тазалығына нақты үлес қосуға болатынын дәлелдеді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»