Аптаптың зардабы: жедел жәрдемге жүгінушілер саны артты

Қарағанды облысында бірнеше аптадан бері сақталған аптап ыстық тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр. Ауа температурасының +40 градусқа жуықтауы салдарынан өңірде жедел медициналық жәрдем қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы күндері қан қысымының көтерілуі, жүрек-қан тамырлары аурулары мен бастың қатты ауруына байланысты шақыртулар айтарлықтай көбейген.

Қазіргі таңда облыстық жедел жәрдем станциясына тәулігіне шамамен 1300 шақырту түседі. Мамандар мұны өңірде екінші апта қатарынан жалғасып жатқан қалыптан тыс ыстықпен байланыстырады. Әсіресе, егде жастағы адамдар, гипертония және жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан азаматтар қауіп тобына жатады. Дәрігерлер жоғары температура кезінде ағзаның сусыздануы қан айналымына кері әсер етіп, жүрекке түсетін салмақтың артуына себеп болатынын айтады.

– Тұрғындардың бізге жүгінуінің негізгі себептері – қан қысымының күрт көтерілуі мен бастың қатты ауруы. Жоғары температура ағзаның сусыздануына, қанның қоюлануына және жүрекке түсетін жүктеменің артуына әкеледі. Сондықтан тұрғындарға жеткілікті мөлшерде су ішіп, күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға кеңес береміз, – дейді Облыстық жедел жәрдем станциясы көшпелі бригадасының фельдшері Әлия Құныспекова.

Медицина қызметкерлерінің мәліметінше, аптап күндері жедел жәрдемге жүгінетіндердің басым бөлігін қан қысымы құбылған, жүректің ишемиялық ауруы асқынған немесе инфаркт пен инсульт белгілері байқалған науқастар құрайды. Кейбір жағдайларда сырқаттар дереу ауруханаға жеткізіліп, шұғыл медициналық көмек көрсетілуде.

Кардиолог мамандар жоғары температураның адам ағзасына түсіретін жүктемесі айтарлықтай жоғары екенін ескертеді. Ыстықта адам көп терлейді, соның салдарынан ағза сұйықтықты жоғалтып, қан қоюланады. Бұл жүрек пен қан тамырларының жұмысына қосымша күш түсіріп, қан қысымының көтерілуіне немесе күрт төмендеуіне себеп болуы мүмкін.

– Аптап ыстық кезінде ағза сұйықтықты көп жоғалтады. Соның салдарынан қан қоюланып, жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін жүктеме артады. Артериялық қан қысымы жиі құбылып, жүрек ауруларының асқыну қаупі жоғарылайды. Егер адамның жағдайы нашарлап, қан қысымы тұрақсыз болса немесе кеуде тұсында ауырсыну байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет, – дейді №2 көпбейінді аурухананың кардиолог дәрігері Абзал Сафарханұлы.

Дәрігерлердің айтуынша, күннің ең белсенді уақыты – сағат 11:00 мен 17:00 аралығында ашық күн астында ұзақ жүруден бас тартқан жөн. Сонымен қатар жеңіл әрі ашық түсті киім киіп, бас киімді ұмытпау, газдалған және тәтті сусындардың орнына қарапайым ауыз суды көбірек ішу ұсынылады. Созылмалы аурулары бар азаматтар дәрі-дәрмектерін уақытылы қабылдап, қан қысымын тұрақты бақылауда ұстауы қажет.

Биылғы жаздағы қалыптан тыс ыстық денсаулық сақтау жүйесіне де елеулі салмақ түсіріп отыр. Дегенмен мамандар қарапайым сақтық шараларын сақтау арқылы күннің кері әсерінен болатын көптеген қауіпті жағдайлардың алдын алуға болатынын айтады. Сондықтан мамандар тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, алғашқы жайсыздық белгілері байқалған жағдайда уақыт оздырмай медициналық көмекке жүгінуге шақырады.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»