Газдандыру неге кешеуілдеп жатыр?

Қарағанды қаласындағы Үлкен Михайловка мен Фёдоровка шағынаудандарының тұрғындары бірнеше жылдан бері күткен табиғи газға әлі күнге дейін қол жеткізе алмай отыр. Газдандыру жобасының аяқталатыны туралы бірнеше мәрте уәде берілгенімен, іске қосу мерзімі қайта-қайта кейінге шегерілуде. Соның салдарынан жүздеген отбасы қыстың қамын қалай жасау керектігін білмей, екіұдай күй кешуде.

Тұрғындардың басым бөлігі үйлеріне газ қазандықтарын орнатып, ішкі желілерді жүргізіп, есептегіш құралдарын сатып алған. Кейбірі бұл жұмыстарды атқару үшін несие рәсімдеген. Алайда табиғи газдың уақытында берілмеуі олардың қосымша шығынға батуы мүмкін деген алаңдаушылық туғызуда.

– Газға қосылуға дайындалу үшін шамамен бір миллион теңге жұмсадық. Егер биыл да газ берілмесе, тағы көмір сатып алуға қаражат іздеуге тура келеді. Мұндай шығынды әр отбасының көтеруі оңай емес, – дейді Карабасский көшесінің тұрғыны Вячеслав Изотов.

Тұрғындардың айтуынша, өткен жылы газ 2025 жылдың күзінде беріледі делінсе, кейін мерзім желтоқсанға ауыстырылған. Биыл да нақты мерзім бірнеше рет өзгерген. Соның салдарынан халық қысқы отынға қатысты нақты шешім қабылдай алмай отыр.

Бұл мәселе бойынша тұрғындар бірнеше мәрте жауапты мемлекеттік органдарға жүгініп, қабылдауларға қатысқан. Алайда олардың пікірінше, әр мекеме мәселені өзге ұйымның жауапкершілігіне сілтеп келеді.

– Бізге газдың нақты қосылатын күні бірнеше рет айтылды. Бірақ әр жолы уәде орындалмай қалды. Қазір халықтың ең басты сұрағы – нақты мерзімнің қашан болатыны, – дейді Үлкен Михайловка тұрғыны Бибігүл Арғынғазина.

Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі өз тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғанын мәлімдейді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда нысанды газ таратушы ұйымның жедел басқаруына беру рәсімі жүргізіліп жатыр.

– Біздің тарапымыздан құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі уақытта нысанды «QazaqGaz Aimaq» компаниясына беру және қажетті рәсімдерді аяқтау жұмыстары жүргізілуде. Газға қосу мәселесі техникалық рәсімдердің аяқталуына байланысты, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрлан Әбжанов.

Ал «QazaqGaz Aimaq» компаниясының мәліметінше, қазіргі кезде мердігер ұйым түзетуі тиіс бірқатар техникалық ескертулер мен атқарушылық құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жалғасып жатыр.

– Мердігер ұйым жоюы тиіс бірқатар техникалық ескертулер анықталған. Сонымен қатар қажетті атқарушылық құжаттар рәсімделуде. Егер барлық рәсімдер белгіленген мерзімде аяқталса, тұрғындарды газға қосу тамыз айына жоспарланып отыр, – дейді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды филиалының күрделі құрылыс бөлімінің басшысы Абзал Сәрсенбаев.

Алайда тұрғындар үшін ведомстволар арасындағы техникалық немесе құжаттық рәсімдерден гөрі нақты нәтиже маңызды. Өйткені қыс мезгілі жақындаған сайын олар тағы да көмір сатып алуға мәжбүр бола ма, әлде көптен күткен табиғи газға қосыла ма деген сауал өзекті болып отыр.

Мамандардың пікірінше, әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру кезінде тұрғындарға нақты әрі ашық ақпарат беру аса маңызды. Ал бірнеше мәрте өзгерген мерзімдер мен орындалмаған уәделер халықтың мемлекеттік органдарға деген сеніміне кері әсер етеді.

Қазір Үлкен Михайловка тұрғындары жауапты мекемелердің кезекті уәдесінің орындалуын күтіп отыр. Егер газ беру жұмыстары тағы да кейінге қалдырылса, онда тұрғындар қосымша шығынға ұшырап қана қоймай, газдандыру жобасына қатысты сұрақтардың да көбейе түсері анық.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»