Үй маңындағы тазалыққа талап күшейді

Елімізде елді мекендерді абаттандыру қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Жаңа талаптарға сәйкес, енді жеке тұрғын үй иелері өз қоршауына іргелес жатқан аумақтың тазалығына да жауапты болады. Бұл өзгеріс тұрғындар арасында түрлі пікір туғызғанымен, мамандар оның негізгі мақсаты – елді мекендердің тазалығын сақтап, қоғамдық кеңістіктегі тәртіпті күшейту екенін айтады.

Жаңа ережеге сәйкес, тұрғындар қоршау сыртындағы аумақта қоқыс, құрылыс материалдары, құм, көмір немесе өзге де заттардың ретсіз жиналуына жол бермеуі тиіс. Сонымен қатар шөптің уақытылы шабылып, аумақтың таза әрі күтіп ұсталғаны да назарға алынады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің түсіндіруінше, бұл талап тұрғындарды көшелерді немесе тротуарларды өз қаражатына жөндеуге міндеттемейді. Норманың негізгі мақсаты – қоғамдық аумақтарды ретсіз қоймаға айналдырмау және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту.

Жаңа талапқа сәйкес, абаттандыру қағидаларын бұзған азаматтарға алдымен ескерту беріледі. Егер құқық бұзушылық қайталанса, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Бір жыл ішінде талап қайта бұзылған жағдайда айыппұл көлемі ұлғаяды.

Қарағанды тұрғыны Наталья Абдыгалиева жаңа талапқа қатысты тұрғындарды алдын ала кеңінен ақпараттандыру қажет болғанын айтады.

– Тазалық сақтау әркімнің міндеті екеніне дау жоқ. Бірақ тұрғындарға жаңа талаптарды жан-жақты түсіндіріп, алдымен ескерту жұмыстары жүргізілгені дұрыс болар еді. Кейбір мәселелер коммуналдық қызметтердің жауапкершілігіне де қатысты екенін ескеру қажет, – дейді ол.

Ал қала тұрғыны Татьяна Вдовина бұл өзгерістердің тәртіпті күшейтуге ықпал ететініне сенімді.

– Үйдің айналасы таза болғаны ең алдымен өзіміз үшін қажет. Кейде кейбір тұрғындар қоршау сыртын қоқыс пен ескі заттарға толтырып қояды. Сондықтан жауапкершілік болғаны дұрыс деп есептеймін, – дейді тұрғын.

Доскей көшесінің тұрғыны Марат Бикенов жаңа талаптарды «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының жалғасы деп бағалайды.

– Тазалық әркімнің өз ауласынан басталады. Үйдің сыртындағы аумаққа ұқыпты қарау – мәдениет пен жауапкершіліктің белгісі. Заң тұрғындарды жазалау үшін емес, тәртіпке шақыру үшін қажет, – дейді ол.

Мамандардың пікірінше, абаттандыру қағидаларындағы өзгерістердің түпкі мақсаты – айыппұл салу емес, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыру. Өйткені таза көше, жинақы аула мен ретке келтірілген қоғамдық кеңістік – жайлы өмір сүру ортасының басты көрсеткіштерінің бірі.

Сондықтан жаңа талаптарды әр азаматтың міндеті ретінде қабылдау маңызды. Қала мен ауылдың тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігіне де байланысты. Тазалыққа деген ұқыптылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау – жайлы әрі көрікті елді мекен қалыптастырудың басты кепілі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»