Қарағанды облысының мектептері жаңа оқу жылына дайындалуда

Қарағанды облысында орта білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау жұмыстары жалғасуда. Биыл 18 мектепте күрделі жөндеу жүргізілсе, тағы 124 білім беру ұйымында ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Барлық жұмысты 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.

Күрделі жөндеу барысында мектептердің шатырлары жаңартылып, терезелері ауыстырылады, жылу беру, желдету жүйелері мен инженерлік желілер жаңғыртылады. Сонымен қатар спорт залдары мен асханалар жөнделіп, мектеп аумақтары абаттандырылады. Атқарылатын жұмыстардың көлемі әр нысанның техникалық жай-күйіне қарай айқындалады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қолжетімді орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жүріп-тұруы қиын өзге де азаматтар үшін кедергісіз орта жасау мақсатында мектептерде пандустар орнатылып, есік ойықтары кеңейтіледі, санитарлық тораптар бейімделіп, тактильді бағыттаушы жолақтар төселеді.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Өткен оқу жылында білім беру ұйымдары үшін химия, биология, физика, STEM бағыттары және робототехника бойынша 78 заманауи пәндік кабинет сатып алынып, орнатылды. Соның нәтижесінде мектептердің заманауи оқу кабинеттерімен жабдықталу деңгейі 85 пайыздан 91 пайызға дейін өсті.

Өңірде жаңа мектептердің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Қарағанды қаласында Федоровкадағы апатты жағдайдағы №44 мектептің орнына 300 орындық жаңа мектеп салынуда. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында тағы төрт мектептің құрылысы аяқталу кезеңіне жетті. Оның бірі Қарағанды қаласындағы «Жаңа аудан» («Таугүл») шағынауданында орналасса, қалған үшеуі Бұқар жырау ауданындағы Доскей ауылында, Нұра станциясында және Үштөбе ауылында бой көтеруде.

Жалпы алғанда, жаңа білім беру ұйымдары 2400 оқушы орнына есептелген. Оларды пайдалануға беру жұмыс істеп тұрған мектептерге түсетін жүктемені азайтып, балалардың сапалы білім алып, заманауи әрі жайлы жағдайда оқуына мүмкіндік береді.

Қарағанды облысының мектептері жаңа оқу жылына дайындалуда