Қарағандыда халықаралық үстел теннисі турнирі басталды

Қарағандыда үстел теннисінен дәстүрлі «Сарыарқа-2026» ашық республикалық турнирінің жалауы көтерілді. Биылғы дода халықаралық деңгейде өтіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас спортшылармен қатар Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның үздік теннисшілерін бір алаңға жинады.

Жарыстың салтанатты ашылуына Қарағанды облысының әкімі мен Қазақстан үстел теннисі федерациясының вице-президенті қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Олар мұндай жарыстардың жас таланттарды қолдауға, бұқаралық спортты дамытуға және халықаралық спорттық байланысты нығайтуға қосатын үлесін атап өтті.

Бас төреші Эльмира Әлиеваның айтуынша, турнирге Қазақстанның 14 өңірінен және үш шет мемлекеттен келген 250-ге жуық спортшы қатысуда. Жарыс үш жас санаты бойынша өткізіліп, жүлде қоры да қомақты.

Қарағандыдағы үстел теннисі орталығы бүгінде еліміздегі ең ірі мамандандырылған спорт кешендерінің бірі саналады. Мұнда республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Мамандардың пікірінше, мұндай турнирлер жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, халықаралық тәжірибе алмасуға да мүмкіндік береді.

Қырғызстандық спортшы Атай Қасымов турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жарыстарда мықты қарсыластармен кездесіп, тәжірибе жинақтау әр спортшы үшін маңызды.

Жаттықтырушылар да халықаралық бәсекенің жас теннисшілердің кәсіби қалыптасуына үлкен әсер ететінін айтады. Осындай додаларда спортшылар техникалық шеберлігін жетілдіріп қана қоймай, психологиялық төзімділігін шыңдап, жарыс тәжірибесін молайтады.

«Сарыарқа-2026» турнирі 17 шілдеге дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында спортшылар бірнеше жас санаты бойынша бақ сынап, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Ұйымдастырушылар халықаралық деңгейдегі бұл жарыс өңірде үстел теннисін дамытуға және жас таланттардың жаңа белестерді бағындыруына жол ашады деп сенеді.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»