Таза қала – әр тұрғынның ортақ жауапкершілігі

Қарағанды қаласының Майқұдық саябағында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «ECO FEST» фестивалі өтті. Қала әкімдігі мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараның басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру және қоршаған ортаға жанашыр көзқарасты насихаттау.

Фестивальге жүздеген қарағандылық қатысып, экология, спорт және танымдық бағыттағы түрлі іс-шараларға белсене араласты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар қоршаған ортаны қорғау тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін ұғындыруға бағытталған.

– Экологиялық мәдениет ең алдымен адамның күнделікті әрекетінен басталады. Қоқысты сұрыптау, пластик қалдықтарын қайта өңдеуге тапсыру, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау – әрқайсымыздың табиғат алдындағы жауапкершілігіміз. Осындай фестивальдер арқылы тұрғындарды табиғатты аялауға шақырып, қоғамдағы экологиялық сананы қалыптастырғымыз келеді, – деді шараны ұйымдастырушы Заңғар Серіков.

Фестивальдің ең көп қызығушылық тудырған бөлігі – «Эко-алмасу» акциясы болды. Тұрғындар пайдаланылған пластик бөтелкелерді өткізіп, сыйлықтарға ие болды. Бес бөтелке тапсырғандарға балмұздақ, ал елу бөтелке өткізгендерге кино билеті табысталды. Бұл қарапайым әрі тиімді бастама қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды бөлек жинаудың маңызын көрсетіп, тұрғындарды экологиялық әдеттерді қалыптастыруға ынталандырды.

Сонымен қатар фестиваль аясында Конституция тақырыбында викторина, интерактивті ойындар, шағын футбол турнирі, ұлттық «Асық ату» жарысы және шахматтан шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, келушілердің қызығушылығын арттырды.

– Үйде жиналған пластик бөтелкелерді әкеліп тапсырдым. Осындай акциялар адамдарды табиғатты қорғауға ынталандырады. Әркім өзінен бастаса, қаламыз әлдеқайда таза болар еді, – дейді шараға қатысушы Медина Мерхатқызы.

Мамандардың айтуынша, қоршаған ортаның тазалығы тек сенбіліктермен немесе мерекелік акциялармен ғана шектелмеуі тиіс. Экологияға деген жанашырлық күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанда ғана нақты нәтиже болады. Қоқысты бей-берекет тастамау, қалдықтарды сұрыптау, пластикті қайта өңдеуге өткізу, жасыл желекті күтіп-баптау – табиғатты қорғаудың қарапайым, бірақ маңызды қадамдары.

Фестиваль соңында белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар тұрғындардың экологиялық мәдениетін нығайтып, қоғамда табиғатқа жанашыр көзқарасты қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Таза қоршаған орта – тек коммуналдық қызметтердің емес, әрбір азаматтың ортақ ісі. Табиғатты қорғау үлкен бастамалардан емес, әр адамның күнделікті жауапты әрекетінен басталады. Сондықтан туған өлкенің тазалығы мен келешек ұрпаққа қалатын экологиялық мұраны сақтау – баршамыздың азаматтық парызымыз.

(под Таза Қазақстан)

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»