Жазғы демалыс неге кейінге қалды? Лагерьлердің кеш ашылуы балаларға қалай әсер етті

Қарағанды облысында әлеуметтік жағынан осал санаттағы жүздеген бала биыл жазғы демалысты жоспарланған уақытта өткізе алмады. Бұған қала сыртындағы бірқатар сауықтыру лагерінің санитариялық талаптарға сәйкес қорытынды құжаттарды уақытында ала алмауы себеп болды. Нәтижесінде бюджеттен қаржы бөлініп, жолдамалар дайын болғанымен, кейбір балалардың лагерьге баруы кейінге шегерілді.

Теміртау қаласының тұрғыны, алты баланың анасы Вера Землякованың екі ұлы жаздың алғашқы күнінде лагерьге аттануы тиіс болған. Отбасы қажетті құжаттарды алдын ала рәсімдеп, медициналық тексеруден өтіп, балалардың жолға керек-жарағын да әзірлеген. Алайда жолға шығардан бір күн бұрын лагерьдің ашылмайтыны белгілі болған.

– Балалар бірнеше ай бойы осы демалысты күтті. Барлық құжаттарды дайындадық, медициналық анықтамаларды алдық, киімдерін де сатып алдық. Бірақ соңғы сәтте лагерьдің жұмысын бастай алмайтынын айтты. Балалардың көңілі қатты қалды. Олар үшін бұл жай ғана демалыс емес, жаңа достар тауып, табиғат аясында сергіп қайтудың мүмкіндігі еді, – дейді көпбалалы ана.

Мұндай жағдай Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларындағы бірқатар отбасыға да әсер еткен. Әдетте мемлекет есебінен берілетін жолдамалар аз қамтылған және қорғаншылықтағы отбасылардың балаларына арналған.

Қарағанды облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, лагерьлердің кеш ашылуына бірнеше фактор ықпал еткен. Соның ішінде көктемдегі қолайсыз ауа райы жөндеу және абаттандыру жұмыстарын уақытында аяқтауға мүмкіндік бермеген.

Білім беру және тәрбиелеу объектілерін бақылау бөлімінің басшысы Майра Белгібаеваның айтуынша, лагерьлер барлық санитариялық талаптарды орындағаннан кейін ғана жұмысын бастай алады.

– Лагерьлердің жұмысы балалардың қауіпсіздігіне тікелей байланысты болғандықтан, барлық нысан санитариялық талаптарға толық сәйкес келуі тиіс. Биыл жөндеу жұмыстары мен зертханалық тексерулердің кеш аяқталуына байланысты кейбір сауықтыру орталықтары санитариялық қорытындыны жоспарланған мерзімнен кейін алды, – дейді ол.

Лагерьдің ашылуы үшін ғимараттарды жөндеу ғана жеткіліксіз. Мамандар су мен топырақтың зертханалық сараптамасын жүргізіп, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы қажет. Бұл рәсім бірнеше күнге созылады.

Қарағанды облыстық білім басқармасы мәселені шешу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Егер қандай да бір лагерь қажетті рұқсатты ала алмаса, балалар басқа сауықтыру орталықтарына жіберіледі.

Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Индира Искакованың айтуынша, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ерекшелігіне байланысты шарттарды қайта жасау белгілі бір уақытты талап етеді.

– Балалардың қауіпсіздігі – басты талап. Егер лагерь санитариялық қорытынды ала алмаса, өңірлер басқа сауықтыру ұйымдарымен қайта келісімшарт жасайды. Бұл рәсім белгілі бір уақыт алады. Сондықтан бірқатар бала лагерьге тамыз айының басында барады деп жоспарланып отыр, – деді басқарма өкілі.

Бұрын Қарағанды облысында қала сыртындағы ондаған лагерь жұмыс істесе, бүгінде олардың саны едәуір азайған. Қалғандарының өзі жаңартылған талаптарға бейімделіп, материалдық-техникалық базасын жетілдіруге мәжбүр.

Мамандар балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру тек жолдама бөлумен шектелмеуі тиіс екенін айтады. Лагерьлердің жаңа талаптарға алдын ала дайындалуы, жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілуі және мемлекеттік органдар арасындағы үйлестірудің тиімді болуы – мұндай жағдайлардың қайталанбауының басты кепілі. Ал ата-аналардың басты тілегі – балалардың жазғы демалысы құжаттық рәсімдердің емес, олардың қауіпсіздігі мен сапалы тынығуының мүддесіне сай ұйымдастырылуы.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»