Жүрек жылуын сыйлаған жандарға – мемлекеттік құрмет
Қазақстанда алғаш рет ерікті қан донорларына арналған «Құрметті донор» ведомстволық наградасы тағайындалды. Үкіметтің бұл шешімі көптеген жылдар бойы өзгелердің өмірін сақтап қалуға өз еркімен үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындауға бағытталған маңызды қадам болды.
Жаңа төсбелгінің алғашқы иегерлері 481 донор атанды. Олар кемінде 40 рет қан немесе тромбоцит тапсырған, не болмаса 70 реттен астам плазма доноры болған жандар. Осылайша, олардың қоғам алдындағы жанашырлығы мен азаматтық жауапкершілігі ресми түрде жоғары бағаланып отыр.
«Құрметті донор» төсбелгісінің дизайны да ерекше мағынаға ие. Оның ортасында жүрек соғысының ырғағы бейнеленген қан тамшысы орналасқан. Бұл – әрбір донацияның адам өмірін сақтап қалудағы баға жетпес рөлін білдіретін символ. Мемлекеттік марапатты дайындау Қазақстан теңге сарайына тапсырылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл сайын 180 мыңнан астам адам ерікті түрде қан тапсырып, 255 мыңнан астам донация жасайды. Соның нәтижесінде жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке қажетті қан компоненттері жеткізіліп, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туады.
Мамандардың айтуынша, донорлық қозғалысты дамыту – денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бағыттарының бірі. Өйткені қанның жасанды баламасы жоқ, ал ауыр операциялар, жол-көлік оқиғалары, онкологиялық және қан ауруларына шалдыққан науқастар үшін донорлық қан күн сайын қажет.
Министрлік бұл шешімнің тарихи маңызы зор екенін атап өтті. Өйткені осы уақытқа дейін өзгелердің өміріне араша болған донорлардың еңбегі арнайы мемлекеттік марапатпен бағаланбаған еді. Енді «Құрметті донор» төсбелгісі ерікті донорлық мәдениетін дамытуға, қайырымдылық пен азаматтық жауапкершілікті дәріптеуге серпін беретін маңызды марапатқа айналмақ.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

