Жұмыспен қамту: Қарағандыдағы оң көрсеткіштер
Қарағандыда халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4 пайыз болып, республикадағы ең төмен көрсеткіштердің бірі ретінде тіркелді. Жыл басынан бері 13 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте Жұмыспен қамтудың өңірлік картасын іске асыру барысы талқыланды.
Мемлекет басшысы жариялаған «Адал азамат. Адал еңбек. Адал табыс» қағидаты аясында өңірде тұрақты жұмыспен қамтуға, жаңа өндірістер ашуға және кәсіпкерлікті қолдауға ерекше басымдық беріліп отыр. Әсіресе Қарағанды қаласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру жұмыстары қарқын алған.
Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Спабековтың айтуынша, Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында жаңа жұмыс орындарын ашу, азаматтарды қайта даярлау және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау кешенді түрде жүзеге асырылуда.
– Өңірлік жұмыспен қамту картасы барлық санаттағы азаматтарды еңбек нарығына тартуға бағытталған. Жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар және кәсіпкерлікті дамыту құралдары кеңінен қолданылуда. Әрбір жұмыс орны тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал етуі тиіс, – деді басқарма басшысы.
Биыл өңірде кәсіпкерлікті қолдау шаралары да кеңейтілді. Мемлекеттік гранттар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 510 грант бөлінді. Сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқыту жалғасып жатыр. Бұл азаматтардың өз кәсібін ашып, қосымша жұмыс орындарын құруына мүмкіндік береді.
Инвестициялық жобалардың іске асырылуы да еңбек нарығына оң әсерін тигізуде. Мәселен, өңірде салынып жатқан клинкер плиткасын шығаратын жаңа зауыт пайдалануға берілгенде 80 жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы биыл өңдеу өнеркәсібінде 440 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның жартысынан астамы қазірдің өзінде ашылған.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жұмыспен қамту мәселесі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
– Әрбір жоспарланған жұмыс орны нақты ашылып, тұрғындардың тұрақты еңбекпен қамтылуы қамтамасыз етілуі қажет. Жұмыспен қамтудың өңірлік картасында көзделген барлық іс-шаралар сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады, – деді облыс әкімі.
Бүгінде Қарағанды қаласында өндіріс, құрылыс, көлік, қызмет көрсету және шағын бизнес салаларында жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық берілуде. Бұл өз кезегінде жастардың, жұмыссыз азаматтардың және еңбек нарығына жаңадан қосылатын тұрғындардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасап отыр.
Мамандардың айтуынша, өңірдегі төмен жұмыссыздық деңгейі – инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, өндірісті дамыту және еңбек нарығының белсенді бағдарламаларын іске асырудың нәтижесі. Алдағы міндет – осы қарқынды сақтап, тұрғындарға лайықты еңбекақысы бар тұрақты жұмыс орындарын көбейту. Бұл бағыттағы жұмыстар Қарағанды қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды тетіктерінің бірі болып қала береді.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

